Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  160


Автор: Оңайгүл Тұржан

Көше шамы

Көше шамы
жанады жалынсыз-ақ,
Көбелектер қонады бағын сынап.
Тал-терекпен таласып сол көшеде,
Бағаналар өсiп тұр тамырсыз-ақ.
Тамыр тартып кетермiн, бәлкiм, дейдi,
Үмiтпен өмiр сүрген әркiм дейдi.
Жапырақ жайсам дейдi ол байғұс та,
Сабырдың түбi сары алтын дейдi.
Қала бұл –
жылдамдықтар бекетiндей,
Оған тек қыстың сөзi өтетiндей.
Өлең жайлы жұқалап айтайын десем,
Жұп-жұқа сөз сетiнеп кететiндей.
Мәшинелер ұйықтайды өз тұрағында,
Қалада жүр жауабың, сұрағың да.
Бәрi бар, тек сағыныш жоқ секiлдi,
Қоғамның химиялық құрамында.
Түсiнем.
Қоғамыма мойыма деп,
айтамын, айта берем қайыра кеп.
Сағынышпен саясат жасалмайды,
Жасалса, шекаралар жойылар ед.
Жойылып, гүлденер-дi бай замана,
Жойылар ед жаралы майдан ана.
Ал әзiрге күзетiп сағынышты,
Шекаралар шөлдейдi айдалада.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу