Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  75


Автор: Оңайгүл Тұржан

Сары құмдар, көрсетесiң бөлек бой...

Сары құмдар, көрсетесiң бөлек бой,
Сенi де әлде мазалай ма деректi ой?
Тау бола алмай олай-бұлай көшесiң,
Тау болуға тұрақтылық керек қой.
Бойың әрең жетiп түр ғой дөңеске,
Даусыңдағы мұң ба, әлде, егес пе?
Ел болсам деп армандайсың iшiңнен,
Ел болуға бiрлiк керек емес пе?
Үмiт үзiп өлiп жатсың, тұрсаңшы,
-Жылап көрсең қайтед?- дейдi бұлт-әншi.
Ол үшiн де көздiң жасы керек қой,
Ең болмаса бiр тамшы.
Оны саған кiм бередi.
Жаз- егес.
Көл боп алдап кетер сағым-сан елес.
Налыма ендi, бар көз жасын тауысып,
жылауынан тыйылғандар аз емес.
Өмiр өзi құм деп, тас деп жұптайды,
Жұптап қойған алып пенен құйттайды.
Сарғайғандар теңейдi өзiн тек саған,
Құйындар да саған келiп ұйықтайды.
Құм-дауылдың Үкiметi – сен ғана,
Салмағыңды көтередi кең дала.
Үнсiздiктiң үстелiнде жатқан ой,
Ол зiл-ойды көтеретiн
Мен ғана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу