Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  75


Автор: Оңайгүл Тұржан

БАЛБАЛ ТАСТАР

Балбал тастар, кәрісің бе, жассың ба?
Жаңалыққа доссың ба, әлде, қассың ба?
Тасқа айналған адамсың ба сен, әлде,
Адам болып келе жатқан тассың ба?
Көрер күнің көп пе, әлде, аз-ақ па?
Өңіңдегі шаттық па, әлде, азап па?
Жусандардың ұлты – қазақ,
білемін,
Ал сенің ше?
Сенің де ұлтың қазақ па?
Қазақсың ғой,
танып тұрмын сөзіңнен,
Тас кеудеңе ұлы тарих көз ілген.
Өзің тұрған мына аңыз далаға,
Қарайсың сен ғажап қазақ-сезіммен.
Балбал тастар мәнімізге мән қоса,
Мейіріммен тербетесің жанды аса.
Өңіңдегі нұр-күлкіңнің қалдығын,
Жел ұшырып кеткендігі болмаса.
Сені, тіпті, көме алмады құм-тағы,
Қайта сені ол аялады, қымтады.
Балбал тастар, сен меніңше кешегі,
Білге қаған, Күлтегіннің ұрпағы.
Біз де соның ұрпағымыз қуатты,
Жаралғанбыз өжет болып тұяқты.
Шыңғыс ханның мүрдесі де жасырынып,
Бізден әлі қашып жүрген сияқты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу