Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  115


Автор: Рахат Қосбармақ

ЕЛ ЖӘНЕ МЕН

Біріне – зар, біріне – ән ұялаған
Өмір деген қос арна – дарияда ағам.
Жасық жырды «Атыма кір келер» деп,
Жазбаймын мен,
Жазсам да, жарияламан.
Жырмен емдеп өмірді мұңы қалың,
Күйігіне күллі елдің булығамын.
«Кір келетін болса егер есіміме,
Кір келгені еліме» деп ұғамын;
«Кірленгені елімнің» деп ұғамын.
Сондықтан да жазбаймын жасық өлең,
Кеуделерге тасқын боп тасып енем.
Жүректерге жалын боп құйыламын,
Омырауымды ағынға ашып өлем.
Қайғы селі қаптаса, байсал қалып,
Қарсы жүзем толқынға қайсарланып.
Елім менің – өйткені, ер мінезді,
Халқым менің – өйткені, қайсар халық.
Елім менің – жаралған, нәр алғаным,
Арқасында елімнің алауладым.
Елмен бірге лапылдап,
Елмен бірге
Жанартаудай атылсам – жоқ арманым!
Елше сүйіп, өртенем, елше жанам,
Қайда жүрсем, шықпайды ел санадан.
«Ел қатарлы болсаңшы» дейтін әкем,
«Ел қатарлы болсаңшы» деуші еді анам.
Менде ұшқыны елімнің от-күшінің,
Елім жоқта – менің де жоқ пішінім.
Бар ізгілік мендегі, бар жақсылық
«Халқымда бар қасиет» деп түсінің.
Тамырында атаның абыз-қаны,
Таңдайында жусанның сағыз-дәмі;
Бөлінбейтін Елінен, Даласынан
Ақын деген – халқының ар-ұжданы!
Маған дұшпан – еліме атылған оқ,
Ар-намысын қорғаймын ақын да боп.
Елден озып, енші алу – мақсат емес,
Ел-Анамнан қалуға хақым да жоқ!
Сағат-жүрек соққанда «Елім» деді,
Мен сүйемін елімді,
Елім – мені...
Бөлінетін елімнен болсам егер,
Қара жерге тірілей көмің мені!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу