Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  195


Автор: Темір МЫҢЖАС

МЕНІҢ ІНІЛЕРІМ БАР

Жаңаөзен жастарына
Өмірдің сырын бізден де жете түсінген,
Шарболат сынды, дей алмас ешкім күшін кем,
Төрешілдікті тамырыменен қопарып,
Әміршілдікті таптауға бейіл ісінген
Менің інілерім бар!
Түсінбегенге күрмеулі түйін шешілмес,
Арамдық тіпті бойынан таппас еш үйлес,
Әулиесі мен жер киесін бәрінен қояр жоғары
Қор тұтар болсаң кешірмес
Менің інілерім бар.
Күн кешпеген бұқпалап, себеп-септікпен,
Жігері жанса лаулайды, сөнбес өрт тіптен.
Бірімен-бірі қайратын сынар бәс тігіп
Өледі өлсе мәрттіктен,
Менің інілерім бар.
Шырқыраған тіл-дінін, ділін сауғалап,
Мәңгүрттікпен ұстасатын дауға қап.
Қолынан бұрын шығарып алған асылын
Ала алмай жүрген саудалап.
Менің інілерім бар.
Биікжал, бабаларыма ұсаған,
Жетесіздікті өрелі сөзбен тұсаған,
Ұрпағының азғанын көзбен көрсе егер,
Жарылып кетер құсадан
Менің інілерім бар.
Жұлдыздайын жарқ етер ертең көгіме,
Намысты беріп, кір келтірмейтін тегіме,
Болашағыма қорған болатын нақ солар,
Дақ түсірмейтін төріме –
Менің інілерім бар!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу