Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  199


Автор: Төлеген Жанғалиев

Екі аға

(Әбдіғалым Мұзыбаев пен Амантай Мұқатаевқа)
Екі ағам бар – екі аяғым секілді,
Солар менің соққылатқан төсімді.
Олар барда оң-солыма қарамай,
Оқ бойындай оздырамын көшімді.
Екі ағам бар – екі қолым сияқты,
Сол қолдармен аспанға аттым тымақты.
Тірлігімнің рахаты соларда,
Не қылайын өліп, көрген жұмақты.
Екі ағам бар – екі иығым тәрізді,
Табан асты еткен биік тауыңды.
Екі иығым көтерілсе болғаны,
Езіп, жаншып жіберемін жауымды.
Екі ағам бар – екі өткір көзімдей,
Екі көзге түк те қалмас көрінбей.
Жамандықты жау оғындай тойтарып,
Жақсылыққа жабысатын желімдей!
Ал өзімде Жүрек – жалғыз, Бас – жалғыз,
Жалғыздықтың ащы дәмін татқанбыз.
Кеуіп, піскен кеуделерге соғылып,
Қар бораған қабақтардан қашқанбыз.
Ағаларға арқа сүйеп асқардай,
Сондықтан да жүріп келем тоқталмай.
Ағаларым аман-есен болса екен,
Алдыменен мен мақшарға аттанбай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу