Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  83


Автор: Төлеген Жанғалиев

Тағы да бір таң атты, тау оянды...

Тағы да бір таң атты, тау оянды,
Күн көзі күміс шықты жалап алды.
Шыр айналып көдені ұша алмай жүр,
Шырылдап шымшық торғай балажанды.
Тағы да бір таң атты, жұрт оянды,
Айна алдында қыз сүйген ұл таранды.
Қойшы жігіт қойларын өргізіп жүр,
Қолына ұстай салып бір сабауды.
Тағы да бір таң атты, ит керілді,
Белін жазған кісідей бүктелулі.
Танаудың қуысына жұпар сеуіп,
Таңның таза ауасы ішке кірді.
Тағы да бір таң атты, тып-тыныш таң,
Таңның сырын тапжылмай ұқ, туысқан!
Ақ көңілдің көрігін қыздырады,
Ақ самаурын аузынан ұшқан ұшқан.
Тағы да бір таң атты Алла берген,
Алла құлы – адамға ол да – безбен.
Тірлікке тірі көзбен қарау керек,
Тірлікті көре алмайсың айна көзбен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу