Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  93


Автор: Төлеген Жанғалиев

Қарғыс

Сен жақсысың, сенен асқан кісі жоқ,
Түйтіксізім, түгі жылтыр, іші боқ.
Өкінбеймін, кетсең ертең өртеніп,
Аспандағы Алламыздан түсіп от!
Қарар едім қара жалын, түтінге,
Жанұшырып жанып жатсаң ішінде.
Мерезім-ай, мен сен үшін, түсінсең,
Дайын ем ғой осы отқа түсуге.
Ал дәл қазір титтей жаным ашымас,
Қасиетсіз қайран досым, қатыбас.
Сен дегенде сергек көңіл-сеңді көл,
Сен дегенде ой, қиялым-есуас.
Есуас боп еске аламын өткенді,
Еш алаңсыз бірге жүрген кештерді.
Бір қасықпен тамақ ішкен татулық,
Өкінішпен сығымдайды өкпемді.
Тыныс, демге тығын тығып қойғандай,
Сол күніме қарғыс айтам сормаңдай.
Сенің мұндай боларыңды білгенде,
Маңайыңа қояр едім мал жаймай.
Сатқындықтың сарқыны бар сенде бір,
Көпе-көрнеу шашатұғын көзге күл.
Қарғап-сілеп қайтем сені, жүре бер,
Жүдеп-жадап, жүзден аспай өлмегір!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу