Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  74


Автор: Төлеген Жанғалиев

Үрей

Асау жүрек тарпып тұр тағы тұяқ,
Артында қалып еді шаңы шұбап.
Алысқаннан бірдеме шығар болса,
Алысудай келемін, алысып-ақ!
Кіммен сонда күрестім, кімді жықтым,
Құр босқа жігерімді құм қылыппын.
Күшін тіпті тасытып жіберіппін,
Мысын бастым деп жүрсем мың жігіттің.
Ешкім енді ашпастай маған құшақ,
Елде жүріп еріксіз қалам жұтап.
Адал деген адамның өзі қазір,
Көрінеді көзіме арам құсап!
Дос дегенім доп болды домалаған,
Жан үшін жақсыларды жағалаған.
Қасықтап дәрі берген дәрігерге де,
«Қастық қып тұр ма екен» деп қарап алам.
Залалы көп заманда адалы жоқ,
Көп үрей қоңырауын қағады үдеп.
Жалтақтап жастарға да қарай берем,
Жағамды қашан жұлып алады деп!
Үлкенге де жүремін үрке қарап,
Шетінен Мұсатай-мұрт, Ике-қабақ.
Сіріңкедей тұтанған көршіге де,
Көрінбеймін, алса егер, сілтеп арақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу