Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  94


Автор: Төлеген Жанғалиев

Тәңір бізге тәуір өнер бермеген...

Тәңір бізге тәуір өнер бермеген,
Тәңір құтын тапсақ тағы «сөз» деген.
Ақша сауған асқақ заман неғылсын,
Ақындарды ойпыл-тойпыл сөйлеген.
Ақшаңқан үй ақшалыға тігулі,
Ақын кірсе, апыл-ғұпыл жығулы.
Босағаға Абай келіп тұрса да,
Босатпайды төрін қазақ бүгінгі.
Той думанда аты бұрын аталып,
Әкімдерден жатады жұрт бата алып.
Ақын байқұс кісілікке кіріптар,
Ақшалыға жыр арнайды шашалып.
Сәби құсап, құрсағынан шығатын,
Өлеңі үшін не істемейді бұл ақын.
Өліп-өшіп жүгіреді соңынан,
Өзгелерден оздырам деп құлашын.
Ақын байқұс байымайды ешқашан,
Ашық қалар алтынмен де қаптасаң.
Арғымаққа мінген жандай болады,
Жұрт алдында бір өлеңін мақтасаң.
Тәңір бізге тәуір өнер бермеген,
Тәңір құтын тапсақ тағы «сөз» деген.
Ақындардан бақытты жан жоқ бірақ,
Алдарында Абайы бар өлмеген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу