Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  78


Автор: Баян Тіленшина

ТҮРМЕДЕН ХАТ

Зылиха, аманбысың?
Анам қалай?
Жүрсің бе от боп мұзбен оранғандай?
Шерім мен Нұрмат ағам қолды бопты,
Сейсе мен екеуіңнің шамаң қалай?
Бірігіп өсіріңдер балаларды,
Сезінсін екеуіңдей пана барды.
Жеңеді шындық деген!
Мен барамын,
Екеуің жоқтатпаңдар ағаларды.
Мен бүгін тар қапасты түрмедемін,
Маңдайдың көрдім жазған дүрбелеңін.
Өз халқым өзімді жау атағанша,
Жақсы еді-ау, бұдан өмір сүрмегенім.
Ерітіп, балқытса да сүйегімді,
О, елім, біл өзіңді сүйерімді.
Мені жау дегендердің жүзі қара,
Соңғы сөз--осы, қақсам иегімді.
Мен бүгін айта алмаймын білгенімді,
Елім деп етек-жеңді түргенімді.
Жаратқан комсомолды Ғани қайда?
Толтырсам деген едім бір кеміңді.
Бабамның қыстауы бар Қайнар қайда?
Көк белді биіктеткен сайлар қайда?
Тазартып жала сөзден қойныңа алшы,
Дәл мына жатысымнан қандай пайда!?
Салауат – басқан жерде ізім қалды,
Мектептер «Қызыл отау» жүзін салдым.
Партия билетімнен бөлмес ешкім,
Қаныммен бірге жасар қызыл жарғы.
Сынайды солай тағдыр пенделерін,
Қолыңнан келсе, хал-жай бер дерегін.
Сендерге сөзбен қуат бердім, түсін,
Қолымнан келсе, жанды емдер едім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу