Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  58


Автор: Баян Тіленшина

Не дейсіңдер?

Дау-таластан туады Шындық деген,
Мен ойланам Пікірді күндікпенен.
Сабаңдаршы, аямай сабаңдаршы,
Жан туыстар, жалғаспас кіндікпенен.
Қалай сүйем бұйрықпен сүймегенді,
Жүрек біреу,
Сүйгенім үйленеді.
Білесің бе, қыздар-ау, дәметтірсек,
Жігіт сонда деліқұл күйге енеді.
Не дейсіңдер?
Күтіп тұр.
Барайын ба?
Көңіліне бір Үміт салайын ба?
Кездейсоқтан қосылған қос жүрекке,
Орын бар ма Бақыттың сарайында!?
Не дейсіңдер?
Байлығын сұрайын ба?
Мансабына мойнымды бұрайын ба?
Әлде, күнде көйлектей ауыстырсақ...
Онда, иттен бола ма бір айырма?!
Не дейсіңдер?
Бауырдан жақындарым!
Ой-бұлтқа тоқтам тау ақылдарың.
Оң -теріс ой сүзісіп, жасын жанбай,
айтсаңдаршы,
Мен мүмкін мақұлдармын.
Не дейсіңдер?
Ұқтыршы, не дейсіңдер?
Неге кейде рухани кедейсіңдер?!
Қыз, махаббат, жауқазын –жалғыз ұғым,
Кейде неге қым-қиғаш, өгейсіңдер?!
Не дейсіңдер!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу