Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  82


Автор: Баян Тіленшина

Ұстаздарға

Ұстаз, ұстаз! Жол жасап әріптерден,
Жұлдыз жарық әр үйге алып келген,
Дәл өзіңдей мәртебе ешкімде жоқ,
Ұстаз –ана атың бар халық берген.
Жаралғансың, ұстаздар, ұлағаттан,
Ұлағат боп бойыңнан бұлақ аққан,
Періште- нұр сезімнен өмір өріп,
Білім, тәлім балаға сыналатқан.
Бұлақтар біріккенде өзен болар,
Теңізге айналатын кезең болар.
Ақыл –ой толқындатқан лағылдарға,
Ұстаздар, шын тілесең көзең толар.
Халықтың рухын көкке көтерер – біз,
Үйреніп, үйретумен өтелерміз.
Өз тілін сөйлей алмау – санасыздық,
Онда біз қазақ емес, бөтен елміз!
Сондықтан, туған тілім – жанымдай ма?
Тіл өлсе жүрек жұлып алынбай ма?
Несіне ұстазбын деп айта аламыз,
Сегіз қырлы бір сырға наным қайда?
Қойшының сөзі – қойы, жыр - жыраумен,
Оянар бала сезім бір сұраумен.
Қос шегі домбыраның – ұстаз, бала,
Үйлеспей жүрмейікші бір бұрау кем.
Қос шектен Сарыарқадай күй ағылсын,
Алдыңда кие кітап, сия тұрсын.
Алдымен өз тіліңде тарихты жаз,
Дархан ел дастарханын жия тұрсын.
Өр намыс боз інгендей боздадың ба?
Ұйқылы-ояу ойды қозғадың ба!
Қолыңда кілті тұр Уақыттың,
Дәл күзден кіріскейсің жаз қамына.
Шәкіртсіз ұстаз да тұл, ұста да тұл,
Көктемнің ұлағаты қыста жатыр.
Сеніммен болашаққа тік қарасаң,
Ұстаздар, руліңді ұста батыл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу