Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  351


Автор: Баян Тіленшина

ДАТ

Ақын деген атым бар,
Азаматтық датым бар,
Тіленшина Баянмын,
Халқыма түгел аянмын,
Достас десең, достасам,
Қастас десең, қастасам,
Неге де болса даярмын.
Басынан өткен неше сын,
Тіленшин Керім көшесін,
Жария етіп газетке,
Ал бүгін кері бөсесің!
Соғысқа қатыспаған деп,
Неміспен атыспаған деп,
Айтқанның ұрдым шешесін!
Дәлелді құжат «өтірік»,
Қызметшің тұр көпіріп!
Тыңдайтын құлақ табамын,
Сол кезде жүрме өкініп.
Әліптің артын бағайын,
Бір жауап айтшы бекініп,
Сөйлеспейік жекіріп.
Өмірі толған күресін,
Ғанидың үзеңгілесін,
Сауатсыздықпен күрескен,
«Ликбезді» қалқам, білесің.
Шымкенттің тұңғыш мектебі –
Жамбылды ашқан бұл есім,
«Өрлеуді» ашқан нұр есім!
Өмірдің татқан ащысын,
Қаз.Кеңес Үкімет басшысын –
Әлішер Бейсенұлымен,
Комсомол жолын құрып ең!
Елді колхоздастырған,
Құтқарған аштық- қасқырдан,
Сен едің, әке, шынымен!
Саяси қуғын амалдан,
Құтылмай «жау» боп қамалған,
Ілияс, Сәкен, Бейімбет,
Керім де жау боп саналған,
От кешіп, мұзға оранған,
Алаштың азаматтарында,
Ел теңдігі –бар арман!
Осипов, Черняевтардан,
Шымкентті аман ап қалған,
ВКП\б\ мүшесі,
Тіленшіұлы бұл Керім,
Дұрыс болар білгенің!
Солардың төккен қанынан,
Өнген- ау мынау дүрмегің!
Айтайын Керім хақында:
Мектеп пен көше атында,
Өндіріс ашқан Курді елі,
Алтын тақты жақында,
Жамбыл мен Шымкент жерінен,
Жүз мектеп ашқан уағында!
Құрметтеу қонар ақылға?!
Ел тарихын білмеген,
Ерлерін көзге ілмеген,
Ойына келген сөзді айтып,
Сүйкей салған тілменен,
Тоғышарларды атайын,
Топан сулы жырменен,
Гүлменен емес, күлменен!
Жас кезде жалын, от болған,
Қарттықта қолқа шоқ болған,
Бола алсақ сондай қанекей!
Әруақтан ұят-ау жоқ қылған!
Кімге не жетпей тұр екен?!
Бұл –әдіс қолдан соқтырған!
Жемқорлық па топ құрған?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу