Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  356


Автор: Баян Тіленшина

Ғалым Жайлыбайға шағым

Айтайын, Ғалым, шағымды,
Көз алдаған сағымды,
Екі ай болды түсіндім,
Қаламым содан қағынды!
Бүк түсер, не не тік түсер,
Асық- сөз Саған ағылды.
«Жігерге» жеттің жалын боп,
«Жігерге» жеттім арың боп,
Сен таққа мінген бұл кезде,
Қалдым ба қоқыс, шаңың боп?
Он тоғыз жылғы алдану
төсекке таңды залым боп!
Ақындар өлмес қазадан,
Өлер-ау бәлкім назадан,
«Қоғадай шашты едім» деп,
Сендіре ме таз адам?
Аяр тілдің алдауын,
Құтқармас Алла жазадан.
Мен неге мүше болмадым?
Қолқаңа қалай толмадым?
Әбілдә өтті алдаумен,
«Куәлік менде, үйде» деп,
«Жоғалттым,өйт, бүйт, сүйде» деп,
«Съезде қарар күйде...» деп.
Оңтүстік түгел біледі:
Мен болғам оның тірегі,
Алимент- соттан құтқарып,
Мен ұшырған жыр еді.
Баласын салдым бесікке,
Мені алдау қалай жөн еді!?
...Бәлду! Бәрі өтірік!
Отырмын бүгін өкініп,
Босаған етке тұз сепсем,
Тұз босап тұр-ау көпіріп!
...Таңым бар: кімдер, несімен,
Одаққа жеткен секіріп?!
Қаз орғанға семірген,
Ауырдым езген көңілден,
Негізін салған Одақтың,
Ғұмардың ақын тегі –мен,
Мархабат, Нәмет,Тұрысов,
Үш кепіл нөл боп...
Неғып ем?!
Қараби мен Ғұмардың,
Жалғасы, елге тұмармын,
Ата жұртқа ағатын,
Бекіреге сыңармын,
Түсінсең, достым, ұнармын,
Не шорт кетіп, сынармын.
Піл жасаман түймеден,
Бетіме перде кимегем,
Жан туыспен туыстым,
Қан туыс деп сүймегем,
«Бұл –Баян» деуге қорқақтап,
Шықпайсың неге күймеден?
Абайда жоқ куәлік,
Көрсетер елге куә ғып,
Жылан уда дәру бар,
Жүректі емдер туралық,
Мені аттап өткен қағаздар,
Кетпесін отқа туралып!
Қолыңнан келсе көмек бер,
Өксікке өтеу төлеп көр,
Төр тұрмақ тепсе босағаң,
Сүзгіден өтер себептер.
Өкпе-наз айттым өзім деп,
Тау жігіт боп жебеп көр.
 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу