19.07.2022
  942


Автор: Баян Тіленшина

Ақсақал ағама

50 жасқа толысып, кемелдендің Ақ көке,
Өнер жарыс ішінен бәйге ұтқан нақ жеке.
Тіленші мен Адайға екеуміз де немере,
Біріміз-ет, біріміз-сүйек болмай немене?
Отыз жыл өнер төрінде өркендедің, өрбідің,
Еліңе болдың елеулі ұл, шапағатын көр бүгін.
Жирендіріп жаманнан, жақсылық жолын ойладың,
Халқыңмен бірге күйініп, бір күліп, бірге тойладың.
Жүзден жүйрік шыққанда, мыңнан тұлпар жаралған,
Абайы бар Зердедей, Айдай анаң-нәр алған.
Сегізі емес, жігіттің сексен қыры өзіңде,
Рухы бай, сом тұлғаң тұнған сырлы сезімге.
Аристократ, Годар боп аттадың өнер есігін,
Фердинанд, Ғани, Сәкен деп өзгерді тағы есімің.
Юлий Цезарь, Жарасбай, Абылайхан, Сырым, Данияр,
Арманы болдың Еңлік пен Қаракөз, Жібек, Шұғаның.
Теңізге бермес бұлақ бар, тұнықтығы ғажайып,
Тыным бермес сұрақтар қалмасыншы азайып.
Жанынан аспай жылуы, тек байлық армандаған бар,
Жер-анаға жүк болып, жүрекке жалғанбағандар.
Тағдырдан Сізді тілеген анаңа ауыр күндердің,
Аяулы арман мұратты үмітін ақтап үлгердің.
Дәл қазір елің саялы бәйтерексің десе дер,
Ардақты аға, кемеңгер ақсақал болып өсе бер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу