19.07.2022
  353


Автор: Баян Тіленшина

БЕТАШАР

Ау, ақ келін, ақ келін,
Еліне қонған бақ келін.
Айдынын тапқан аққудай,
Адаспастан тапты елін.
Әр сөзімді ойлап бақ,
Ақ жүзіңді қаймақтап.
Бетіңді ашып берейін,
Ел-жұртыңа айғақтап.
Ағайын – сенің өрісің,
Есіңде ұста тегісін.
Сыйласа білсең, ел жомарт,
Жүрер жерің кеңісін.
Қадірің артса еліңе,
Өмірде осы жеңісің,
Көпшілікке бір сәлем!
Сен түскен елдің баласы,
Киелі, сыйлы, данасы.
90-нан асқан бабаңның,
Келбетіне қарашы.
Тамыры терең бәйтерек,
Табылар ақыл қай керек,
Ғасырмен құрдас, қастерлі,
Сүлеймен, Нұрмат, Шерім мен,
Керім бабаңа бір сәлем!
Сендерді тапқан аналар –
Қорғаның болар паналар.
Кеудемен елін емізіп,
Өрбіткен өркен, даналар.
Басыңа туса сын сағат,
Ақылшың, досың саналар.
Патшаға да, ханға да,
Теберік, әулие саналар.
Бейсенкүл, Сейсе, Гүлбаһрам,
Зылиха әжеңе бір сәлем!
Кісі есігі мұз болар,
Толмаса көңілі сыз болар.
Жаныңның төсе жылуын,
Өртенсін көңіл қызғанар.
Туғаныңа теңесең,
Шуағыңа бөлесең,
Аттаған алтын босағаң,
Өзің бір өгей демесең,
Келіні емес, қыз болар.
Шыңдайтын өмір шабысын,
Атаңның қонған бағысың.
Алғыспен қайтар алдыңа,
Әр қимылың, нақ ісің,
Кес-кестеме көлбеңдеп,
Ақ сайтан мейлі шақырсын,
Қол сілтеме ербеңдеп,
Атан нар мейлі бақырсын.
Атаңа перзент, сәбисің,
Не десе, келін, «мақұлсың»,
Қайын атаңа бір сәлем!
Әулетінің айдары,
Мінезі жібек, жайдары,
Жол таппай тұрса жамағат,
Сөздерді табар қайдағы.
Иіліп сәлем беретін,
Қырдағы мен сайдағы,
Егіз қозы секілді,
Бегалы мен Шералы,
Қайсары мен Қайбары,
Мәдәлі мен Серіктей,
Қайнағаларға бір сәлем.
Тілегің таза, тұп-тұнық,
Дұшпаныңды бұқтырып,
Түйдек те түйдек мақтасам,
Шаштары кетсін тік тұрып.
Жымиғаны жарасқан,
Жылуы нұрмен таласқан,
Келін де болу мықтылық.
Әйелдің туған баласы,
Адамның көп-ау аласы.
Қызғаныш деген сезім бар,
Жазылмай жүрген жарасы,
Тар ішті оттай күйдіріп,
Қауызға жанын сыйдырып,
Жарқылдап әркез қарашы.
Баласындай кептердің,
Ақ келін, бізге тап келдің.
Кимешек киген қарттардай,
Көне болам деп келдің,
Келін алып, қыз беріп.
Ене болам деп келдің.
Жәмилә мен Шарипа,
Магида енеңе бір сәлем!
Зәуре, Орал, Зияда,
Балаш. Несіп, Құралай,
Әлмира, Дана, Гүлзира,
Зәбира әпкеңе бір сәлем!
Жанары шоқтай жайнаған,
Ұлан деген қайнағаң.
Келін боп түскен аяққа,
Құтты қадам ойлаған.
Жиылып аймақ, ағайын,
Тойбасшы етіп сайлаған,
Молдан ағаңа бір сәлем!
Көлгірсіп келіп үйіңе,
«Қамқоршы» болып күйіңе,
У шашып жүрер жолдас бар,
Ұқсайтын қара бүйіге.
Жүрекке жақын жалғас бар,
Жақсылыққа жол бастар,
Қарсы алма, келін, түйіле,
Ұлықбек, Алмат,Мұратқа,
Жамбыл, Арман, Саматқа,
Бір сәлем етші иіле!
Көп сенде қайын ағалар,
Ыстық, суық күндерде,
Бауырына сағалар,
Қайрат, Алмас, Сұңғатқа,
Асқар, Марат, Талғатқа,
Дәулетке де бір сәлем.
Атына заты ұйқасқан,
Сыйлай білсең, сыйласқан,
Пейілі кең, салған төқсектей,
Сөз сөйлемес өсектей,
Су түбінде асыл тас,
Не жетерсің, не жетпей,
Қымбатты Айман-Шолпан мен,
Ақбөпе, Айгүл, Ләззатқа,
Әпкелерге бір сәлем!
Жақындығы әпкеңдей,
Жақсылығы әкеңдей,
Шынарбек, Тельман, Дүзелбай,
Руслан, Елемес, Бауыржан,
Жезделерге бір сәлем!
Тату болса абысын,
Тасиды тапқан табысың.
Дастарханда дауласып,
Дүр сілкінсең тағы сын.
Шашылып жүрсең тарыдай,
Жем етпей дұшпан неғылсын?!
Сәуле,Күләш, Жансұлу,
Жеңіс, Венера, Рыскүлге,
Дания, Гүлзира, Қаламқас,
Роза, Бақыт, Бибігүл,
Абысындарға бір сәлем!
Осы үйдің жиені,
Жиендер болар киелі.
Шаң тигізбей әлпештеп,
Нағашы жұрты сүйеді.
Ыстығы мен суыққа,
Бір тоңып, бірге күйеді.
Ұлықбекке бір сәлем!
Оу, төрешім-бөлешім,
Бөлең үшін өлесің,
Кентай,Кешу, Шыңғысты,
Не үшін жақсы көресің?
Дәулет, Талғат, Ерікке,
Сүйінбай, Рая, Бақытқа,
Иіліп сәлем бересің!
Ау, жас келін, жас келін,
Құлағыңды тос келін.
Алдыңа түсті бөкектеп,
Қадіріме жетед деп,
Ақбөкендей жосты елің.
Бөлелердің үлкені –
Ақсақалға бір сәлем!
Аққудай пейілі, киелі,
Айтқанда сөзі жүйелі.
Құдіретті сөздің маржанын,
Мамырлатқан тиегі.
Домбыра, жырмен бет ашқан,
Маған да келін, бір сәлем!
Еліңнің қызыл гүлі едің,
Бейімделсін жүрегің.
Тамырлап, өркен жаятын,
Осы ел-сенің шын елің.
Көп тарта берсең төркінге,
Тоқтамас баста бөркің де.
Тырнақты еттен айырып,
Бөлсең де, келін, еркіңде.
Сенімен сәні кіреді,
Адамы түгіл жердің де.
Кішіге ізет көрсетсең,
Ашылар гүлдей көркің де.
Мәлік, Бека, Нұрланға,
Әлібек, Диас, Азамат,
Қайындарға бір сәлем!
Сағыныш, Жанел,Аружан,
Айнұр,Мерей, Мадина,
Қайынсіңлілерге бір сәлем!
Даусы естілген қырқадан,
Ансамбльде шырқаған.
Артист деген атаққа,
Жақындаған бір қадам,
Ансамбльге бір сәлем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу