Өлеңдер ✍️

  18.07.2022
  352


Автор: Жақсылық Рахматулла

Айеке

Айеке,
Мына күз екеумізге қаралы күз,
Басады қаланы сыз, даланы мұз.
Алланың өзі беріп, өзі алған соң
Жоқтадық бір жыл бойы баланы біз.
Айеке,
Мына күз екеумізге қаралы күз,
Оқ тиген тар қолтықтан жаралымыз.
Тәтті үміт Әнуармен бірге ұшты,
Белгісіз қашан сөніп, жанарымыз.
Айеке,
Мына күз сұрқы жаман, қаралы күз
Белгісіз қайда ұшып, қонарымыз.
Жұбаныш күн мен жерден таппаған сәт
Тізіліп бейітіңе барамыз ба...
Басына барып тұрып жас баламның
Аһ ұрып, қара тасты жастанамын.
Мен келген күн сені алған Әзіретке
Наламды айтуға да жасқанамын.
Айеке,
Шегендеп ақиқаттың тас қамалын
Шыдадым кезіккенмен тоспаға мың.
Шырқырап шыбын жаным тұрса-дағы,
Жаратқанды аузымнан тастамадым.
Бұйырғасын солай боп баста бағын,
Жоқ енді шүкірліктен басқа амалың.
Қалғанына тәңірден медет сұра,
Жанына қайғы салма басқалардың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу