Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  89


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Тағдырым дедім өмірдің алуан жолдары...

Тағдырым дедім өмірдің алуан жолдары,
Тәңірім дедім, Жаратқан мені қолдады.
Тіземді бүгіп, тілімді тартып көрмедім,
Тотыдай болып тұрған кезде де тордағы.
Жеңілді таңдап, жүрмедім ауыр үстімен,
Жеңімді түрдім жағаласқанда күштімен.
Адамға сенген мұрттай боп ұшып жатқанда,
Аллаға сендім, қанатты құстай ұштым мен.
Елімнің ерні кепкенде шөлден қаталап,
Құлыншақ-қырдың кеткенде көзі боталап,
Толқытты мені құдықтан тартқан зәмзәмдай
Жеріме деген, тіліме деген махаббат.
Басқанда қырау даламның көзін мөп-мөлдір,
Күн көзі әсем кетпей ме шайып төккен нұр.
Қызуым жетпей қаңтардың мұзын бұзуға,
Жылуын тағы сағынып жүрдім көктемнің.
Тапсам-ау дедім анамның көңілін сүт емген,
Ашсам-ау дедім бұлақтың көзін бітелген.
Жалғаннан мынау Алла деп қана өтермін,
Таусылып дәмім, жетсе де сағат бітер дем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу