Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  84


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

АРАЙЛЫ КҮН АҚ ТАҢЫМ

Өткен дәуір нелер бастан өтпеді,
Кешті бастан елім бәрін көшпелі.
Жауқазындай гүлін жарған жас ғұмыр,
Наркескеннің жүздерінде көшкені.
Бәрі де есте,күл боп жанған қалалар,
Күңіренген қасіретті аналар.
Домбыраны айырбастап семсерге,
Махамбеттей ел қорғаған қара нар.
Қара түнге нұрын шашқан арайлар,
Өтіпті ғой сенде далам талайлар.
«Қалың елім қазағым»-деп күрсінген,
Дана бабам Ыбырайлар,Абайлар.
Бұл келбеті туған елдің кешегі,
Керуендері көз алдымда көшеді.
Қамшы ұстап,құрық ілген қарына,
Қойшы болған бабам еске түседі.
Еңбек етіп төксем терді ел үшін,
Білім алып,ашсам ғылым кенішін.
Саяхаттан керуен құрсам дем алып,
Борыштармын алтын заңым сен үшін.
Алтын заңым,менің алтын қазығым,
Сенен алдым таусылмас жан азығын.
Космонавтар жұлдыздарға жолашқан,
Ұлы достық сенің тартқан мәзірің.
Алтын заңым,менің бүгін мақтаным,
Алтын арай күліп атқан ақ таңым.
Сенің арқаң шалқып шалқар заманда,
Он бес одақ бауырлас боп жатқаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу