Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  89


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

ЕҢ АЛҒАШ МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАУШЫЛАРҒА

Есімің жүректерде жатталады,
Ақ таңмен балғын бөбек аттанады.
Шадыман шаңырағынан шаттық есіп,
Шалқиды туған елдің барша алабы,
Уа,сәлем, әлеміне балалықтың,
Ен бөбек, есігінен жаңарып мың.
Құт мекен қарсы алады қарлығашын,
Үйретіп әліппесін даналықтың.
Сүй бөбек,мына ордаға сүйсін бөбек,
Кернеген көкірегіңді күй-сынды ерек.
Жаныңды нұрға бөлеп,жырға бөлеп,
Жүректе жақсы арманың жүрсін бөлек.
Әнбісің ырғағынан жаңылмаған,
Кезің жоқ думансыз бір дамылдаған.
Өзенсің өр теңізге қосылатын,
Осынау мөлдіреген шағың балам.
Еркін өс базарында балалықтың,
Нәр алып мейірімінен сан алыптың.
Жанымның жапырағы жарық құмар,
Қасымдай ұрпағысың сен алыптың.
Жанымның жарқылынан от алыңдар,
От алыңдар,тәуелсіз отаның бар.
Тәлімін ұлағатты ұстаздардың,
Болашақ бақыт күнге апарыңдар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу