Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  70


Автор: Мұқанбетияр Мақуов

ЫРЫМ

Қайран қазақ,
Тағдыр барма сен барып ұрынбаған,
Кездеспеген жай мынау бұрын маған.
Әке-шешем баласы тұрмаған соң,
Мен туғанда жеті рет ырымдаған.
Бесік қаптап қайыңның қабығынан,
Енші арнаған құланның қодығынан.
Өзіме пайғамбардың атын қойып,
Өткізіпті жеті үйдің жабығынан.
Жеті жеңгем аластап түйеменен,
Жеті ошақтың орнына күйелеген.
«Ешкімде еміреніп сүймесін» - деп,
Ит аяқпен аластап «киелеген».
Кезім емес ешкіммен тілдесе алған,
Көз салмасын деген-ау білмес адам.
Жеті рет үзеңгіден тағы өткезіп,
Бесікке күшікпенен бірге салған.
Сол күшік жеті ай бойы бір бесікте,
Жатыпты, меніменен бірге өсіпті.
Келгемде жеті жасқа сол күшікті,
Жетектеп әкем менің қойға шықты.
Ит болса да өсірген балап маған,
Өскенше ешбір итке талатпаған.
Сол иттің арқасында ешбір қасқыр,
Бір қойдың да құйрығын қанатпаған.
Түнекте көрінбейтін ай қара түн,
Адамдай өзі қойды айналатын.
Мен жетіге келгенде сол күшікке,
Қойтөбет –деп қайтадан қойған атын.
Сол жылы ол қартайған ауызында ақ тіс
Қалмаған,
Дейтін едік: «көмсек тегі».
Жоқ болды бір күндері тапа тал түс,
Ақыры өлімтігін көрсетпеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу