Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  76


Автор: Ғали Орманов

АЙҒА САЛҒАН АДЫМ

Алыста жұмбақ көрінген
Адымдап айда жүр адам.
Құттықтап туған жерінен
Қуанбас сірə кім оған!
Адамзат есін білгелі
Аңыра соған қараған.
Жалғасып ылғи ілгері
Аңыздар алуан тараған.
Қажымас адам қиялы
Қашан да соны ораған.
Шарпылмай күнге қияғы
Ақыры жетті ол оған.
Кім болса мейлі қонғандар.
Қозғады мені тым қатты.
Қаһарман-өжет сол жандар.
Қимасың, досың сияқты.
Бетінен солар бұрылмай,
Жол ашты қанша адамға!
Аттары заман жырындай
Жаңғырар бүкіл ғаламға.
Төсінен теріп тас алған
Балаймыз айды мекенге.
Тылсымға тұңғыш жол салған
Адамдар естен кетер ме?
Сенеміз саған, адамзат,
Марсқа да əлі жетерсің.
Жаратқан артық табиғат
Өлшеусіз ұлы екенсің!
Қолыңнан келмес өнер жоқ,
Не керек саған қырқысып!
Бұдан да олжаң болар көп
Көрінсе ісің жұртқа ыстық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу