Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  67


Автор: Ғали Орманов

ОЙ ҮСТІНДЕ

Сүйікті ұлым Медетке
Өмір бір таусылмас жыр күнде маған,
Демеймін бірақ оңай күреп алам.
Сондықтан əлденеге тас түйілген
Түріме тұтқиылда күлме, балам.
Өлеңді, ойға жүзіп, жазған кезде,
Құлағым тарс бекиді бөгде сөзге.
Өмірге өңірі бай кетем шүйгіп
Көзіме көрінбейді одан өзге.
Белгілі, ол бір өлке алқабы кең,
Кезсем тек кеуде көре аламын дем.
Шешіле сонда жəне сөйлесемін
Елімнің алуан сырлы адамымен.
Солардың білегі бір алып күші
Қарпиды жерімізді жазы-қысы.
Тұрғандай қолдарында сезем ылғи
Тоғысып тіршіліктің бар тынысы.
Тербейді кейде ойымды балғын аймақ,
Түрінде тұр өмірдің бəрі жайнап.
Көремін түгел соның келбетінен
Таппайтын суреттерді сан жыл ойлап.
Тоғытқан түзді жомарт өзен көрсем,
Тап келем тамылжыған өлеңге əсем.
Өңірдің өшпес отты жанарындай
Жұлдыздар көкірегінен өреді өңшең...
Танысаң, өлең деген сондай өлке,
Жетпейсің, жол тартпасаң оған ерте.
Сен маған, оны ойласаң, таңырқама,
Отыр деп бөлмесінде неге жеке!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу