Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  128


Автор: Ғали Орманов

ШЕБЕРЛІК

Қорқытпа мені сен онша,
Шеберлік жолы қиын деп.
Жүрегім жылы жаралса,
Алатын менің сыйым көп.
Серейіп сыртта көрінбей,
Сыбана кірсем ортаға;
Өмірдің мен еріндей
Тартармын сыйлық қолқаңа.
Белшемнен жүзіп егінге,
Соғармын бірге сарайлар.
Жарасып соның төрінде
Жарқырар маздап жаңа ойлар.
Тербетер солай тек жүрек,
Жеткізіп сырын не тілмен.
Тебіренсе соған көкірек,
Шеберлік осы деп білем.
Болмаса сол бір қуаты,
Жайың жоқ жəрдем берерлік.
Айнығыш қыран сияқты
Қайрылмас саған шеберлік.
Жырыңның əрбір сөзінде
Жаныңның оты жатса егер.
Сезерсің оны өзің де,
Жалғанда сенен жоқ шебер!
Оты жоқ өлең сонша олақ,
Үйріле бермес тілге де...
Айтарым менің тек сол-ақ,
Мейлің біл, достым, білме не!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу