Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  75


Автор: Ғали Орманов

СЫЙ

Ала бер, достым, Əбділда,
Арнаған сыйын тауымның.
Коймады деме алдыңа
Аңқытып Сырдың қауынын.
Сабағын созған үзілмей,
Бейілі бірдей ауылдың.
Албырап қыздың жүзіндей
Алмасы тұр ғой бауымның.
Арзан сөз, аптық неге сеп,
Алдына ұқсас дауылдың!
Көңілін жұрттың теңесек,
Көліне ұқсас жауынның.
Құнарлы нөсер белгілі,
Құлпыртып жерді көгертер.
Халқыңның жылы көңілі
Азыңды үстеп көп етер.
Ақындық көзің анықтар,
Айнытпаушы едің, бауырым:
Жаныңды сенің жарылқар
Жүрегі мынау қауымның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу