Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  103


Автор: Ғали Орманов

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ

Жамырап тағы Жидебай
Жаңғыра толды өлеңге.
Жадырай қарап тұр Абай
Жаны ашыр жақсы өренге.
Жақыны, досы соқпаған
Сəулетті сонау күмбезге
Жаңа бір топ-топ жетті адам
Сипаты, сыры мүлде өзге:
Саптама етік, салпы етек
Мұнда жоқ күпі, кір тұмақ.
Демесең ұқсас салты тек,
Өзгеше жандар, бұл бірақ.
Соларға бойын көрсетіп,
Алдына Абай шыққандай.
Ақынын солай көрсе тек,
Құшуға дайын жұрт қандай!
Қуана қарап Абайға,
Көресің көздер сүйсінген.
Танытар саған қалай да
Тынысын жүрек шын сүйген!
Шешендер сөйлеп мінбеден,
Желпініп алды жұрт біраз...
Тербеліп кенет бір өлең,
Тамылжи əсем төкті наз.
Жүректі шерткен дауысы
Абайдың Қаламқасы екен.
Сақтаған қимай тау іші
Аңсаған жарлар жасы екен!
Алдыңда ойлы ұлы Абай
Елжірей қарап жаңа елге,
Сəлемін жолдап тұрғандай
Осынау қимас өренге.
Алқапқа толы ел сонша
Теңселіп кетті сол əнге...
Осындай өлең болмаса,
Жаныңа дəрмен болар не?
Дауыс пен ырғақ не түрлі
Толқытқан соны қосыла –
Абайдың үні секілді
Жаңғырып тұрған ғасырға!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу