Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  73


Автор: Ғали Орманов

АҒАЛЫҚ

Ағалық абзал қазақта,
Ініге борша босаған.
Қарысып салмай қалжаққа;
Қараймын сыйлап сонша оған.
Ағаттық етсең алдында,
Ақылын айтып, кешірер.
Жақсыңды өлшеп жанына,
Жалықпай сені өсірер...
Қашан да туыс, досындай
Қарайды жұртқа жаны ашып.
Қараса жəне осылай,
Тұрады сонша жарасып.
Қазақ та дəйім балаған
Қимасын солай ағаға.
Осы бір үлгі бабадан
Келеді тарап балаға.
Тұсында жұрты атапты
Аға деп солай Абайды.
Қырсықтан қилы сақтапты
Кішілік мінез талайды!..
Ініге біткен ірілік
Көнбейді кейде икемге.
Шырқыңды бұзар бүлдіріп
Шынымен қанша сүйсең де.
Түгіңе бастықпағандай
Танытар талай тарпаңдық.
Тар жерде тасырқағандай
Ағаға кейде артар жүк.
Қалдырмай аға табаға,
Түзесе соны əр күні.
Өзім де сондай ағаға
Болуға бармын мəңгі іні!
Жүрісі шалыс жігітке
Жөнелмей əсте қол сілтеп,
Телмірген сонау үмітке
Ағалар лайық болсын тек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу