Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  100


Автор: Ғали Орманов

ЖАМБЫЛ АҚЫН

Күркіреп көкте бұлттың көкірегі,
Өтсе де желпіндіріп жерді лебі,
Жалт етіп нажағайлы қалар сөніп,
Секілді дүниеде жоқ дерегі...
Болып ең сен де нөсер, Жамбыл ақын,
Даусыңа жалпақ дала жаңғыратын.
Күркірей құйып-құйып жөнелсең де,
Жалпылдап нажағайдай жатыр артың.
Ортада көрінбейсің бүгін өзің,
Сөйлеп тұр, бірақ сенің сырлы сөзің:
Күн шалып қанаттарын, шалқиды жыр,
Тұрғандай тұлғасында бұлбұл кезің.
Аулында əсем өлең жатыр есіп,
Алысқа тастағандай ашып есік
Ұмтылып ұясында ұрпақтарың,
Өзіңе отырғандай үнін қосып...
Қараймыз біз де сенің күмбезіңе,
Құрметтеп сөйлескендей күнде өзіңе:
Жамылып сырлы сұлу дүниені,
Жарқылдап қарап тұрсың күн көзіне.
Келбетің Алатаудан жоғарырақ! –
Жап-жақын көрінбей ме оған жырақ? –
Көп толқын кейінгі өрен өседі деп,
Алыстан салғандайсың соған құлақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу