Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  96


Автор: Ғали Орманов

ДАРИЯ СЫЙЫ

(Түрікмен дəптерінен)
Көлбеп жатыр Қарақұм,
Көлеміне көз жетпей.
Көп үңіле қарадым,
Көкейтесті өрнектей;
Толқын ба əлде өзге ме,
Қозғамайды ол мені.
Ынтығам бұл кезде мен
Өзге сурет көргелі.
Түрікмендер ақ папах
Тұйғын құстай түйілген,
Түрлерінде жоқ жалтақ,
Тынбаса да түнімен...
Қалың құмды қақ жарып,
Канал тартқан төтелеп;
Дария суын аударып
Бара жатыр жетелеп.
Бұлаңдаған толқынға
Бұрлыға құм қарайды:
Сүйкенеді салқынға
Ынтығындай талайғы.
Бар денесі жыбырлап,
Толқынға өзін орайды.
Бір жаңа күш шымырлап
Өнбойына тарайды...
Дария суы еркелеп
Алқап сайын аунайды:
Тіршілікті ерте кеп,
Сый тартқаннан аумайды!
Келген шағын дария
Арман еткен көрсем деп,
Қуанады кəрия,
Бір күліп, бір кемсеңдеп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу