Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  55


Автор: Ғафу Қайырбеков

НАРИМАНҒА

Сен менің бар жағынан бауырымсың,
Облыс, ауданымсың, ауылымсың,
Қашанғы республика қайраткері –
Ұстаған ел көзіне тəуірімсің.
Көтеріп туған жердің абыройын,
Жұмсалды бір сол үшін ақыл-ойың.
Тек қана адал еңбек арқасында
Биіктеп қатарыңды тұрды бойың.
Демедім сені біреу сүйеді-ау, – деп,
Біреудің не құдасы, күйеуі-ау, – деп,
Ойладым аруақтардың арқасы-ау, – деп,
Өйткені жақсылардың сүйегі-ау, – деп.
Қолдаған екеумізді құдырет – бір,
Біз туған топырақ бір, қан, жүрек – бір.
О, дүние, өтіп кеткен қанша заман,
Алпысқа сені бүгін келді деп тұр!
Бала едің мен көргенде он үштегі,
Жарбиған қоян тымақ, тон үстегі,
Белгісіз болашақта кім болары,
Үлесі дүние-базар бөлістегі.
Жасайды уақыт шіркін кереметті,
Табиғат сені ақылды, зерек етті.
Арада жылдар өтті, ауыл түгіл
Бар қазақ сонда сені керек етті.
Мақтанып арасында ағаң жүрді,
Меңгеріп өзі дағы тəмам жырды,
Сондықтан айырықша қуанышым –
Тұрғанда артқа тастап алпыс жылды.
Аллаға барлығы үшін рахмет –
Алыңдар байғазыға осы өлеңді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу