Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  71


Автор: Ғафу Қайырбеков

Бір уыс топырақ

Жармағанбет баласы Бимағанбет,
Бүкіл халық атаған Би-ағаң деп.
Ол еліне көп қызмет етсе-дағы,
Құдай оған көп өмір сыйлаған жоқ.
Көк құдайдан жер құдай болып басым,
Амалың не қырсыққа жолыққасын.
Таңғажайып тарихи жолында оның
Тынды сұмдар жеткізбей алып басын.
Ол тəңірінің қасында отыратын,
Адам еді-ау құрандай оқыр атын.
Жабыққанда жанына медеу етіп,
Қайран елі əулие, пір тұтатын.
Дəл осылай алыпты туғызамыз,
Туғызып ап, желкесін қиғызамыз.
Бір талантқа жүз итті салып қойып,
Талатамыз, жұлдызын жұлғызамыз.
Жылдар өтті: «Ол ғажап еді» дейміз,
Жиналып кеп, жоқтаймыз, еңірейміз.
Тыямыз да тез сосын тегін жасты,
Тарихтағы орынын белгілейміз.
Солай-солай озады өмір деген,
Салдыр-салақ баяғы көңілменен.
Қаншама елдің сабазы қалды жерде,
Ең болмаса дұрыстап көмілмеген.
Солғаннан соң тасталған орны ақық,
Əйтеуір бір топырақ тауып алып.
Бір уыс қып əкелдік туған жерге,
Жұбаныш қыл көңілге соны, халық!
Біздің қолдан келгені болды сол-ақ,
Осылай тастап кетеді дүние шолақ.
Туғанда да бір уыс топырақ едің,
Өлгенде де бір уыс топырақ қалады.
Дүние, пəни шындығы бұл да мəңгі,
Көз жасымен ұзату қимағанды.
Жүз жыл бұрын бір топырақ бұрк, ете қап,
Жүз жылдан соң жеріне ол оралды!
Біз де соған шүкір қып, кəне, жұртым,
Оралды деп ойлайық Би-ағаңды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу