Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  62


Автор: Ғафу Қайырбеков

Қамықпа, көңіл көтеріл...

Қамықпа, көңіл көтеріл,
Ренжітпейік көктемді.
Белгісі жастың екен бұл
Еске ала беру өткенді.
Байқалды қанда бұлқыныс.
Оянып, ойнап аққандай.
Тағы бір жұмбақ тылсым күш
Сағынып мені тапқандай.
Баяғыдағы батырлар
Асынғанда бес қару,
Аруағын дереу шақырар
Жорықта жоқ қой кеш қалу.
Сондай бір сезім мені де
Қоршайды көктем келгенде.
Желіге түсем, желіге
Жел ойнақтап кеудемде.
Жалғанның жанға бəрі дос,
Көңілге серік көп тауып,
Қайғысыз, қамсыз басым бос,
Алдағы сəттен жоқ қауып.
О, дариға, бұл шақта
Толады ішім сенімге,
Біреуге яки бір затқа
Жақсылық жасай беруге.
Өзімнен өзім құлшынам
Əрекет, істі сағынып,
Болмайды сəтім тыншыған,
Сəулелі ойлар сабылып.
Сөздерді қақшып қашаған
Кетемін сонда сөйлеп мен:
«Осының бəрін жасаған
Көктемнің күші ғой» деп мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу