Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  73


Автор: Ғафу Қайырбеков

АҚБЕТКЕ ҚАРАП

Панасы осыншама көркемдіктің,
Ағасы асқақ сұлу – еркеліктің,
Ақбет тау, тұрысыңа таң қаламын,
Басыңа алтын шанақ төңкеріп күн.
Жарқырап көрінерсің көк жазықтан,
Аспанның айдынында қозғалып паң,
Алып бір ақ кемедей тоқтап тұрған
Көркіңе шөлдеп қарап, көз қаныққан.
Тартасың лебіңменен жолаушыны
Шаншылып Мұстафаның сонау шыңы,
Басынан бала бүркіт тайғанақтап
Басылмас мың əбігер – қыран шуы.
Басталып содан тірлік жəрмеңкесі,
Бұлттардың шұбатылған керуен көші, –
Доғарып көліктерін – көк нарларын,
Ақтарып қазынасын, бермен тосып.
Төгеді кілең маржан судырлатып,
Қарағай қалпақтарын сыбдырлатып,
Ол «маржан» Торыайғырға төгіледі
Тып-тыныш көлдің бетін шымырлатып.
Тасада, арғы бетте бала таулар
Жайылған сол маржанға алақандар
Секілді, шығып-батып көрінеді, –
Сатырлап əлгі маржан жəне саулар.
Аздан соң адуын жел, ақ самал кеп,
Бұлттардың жемісіне бас салар кеп.
Шудасы буралардың желкіл қағып,
«Кезіміз келді біздің аттанар», – деп.
Аса алмай, Ақбет, сенің зор шыңыңнан,
Өтеді қуыс, қойнау, қолтығыңнан,
Таусылып маржандары, жүк жеңілдеп
Манағы қапшықтарда толтырылған.
Тайрақтап оңтүстікке жөнелісер,
Олжасын ол жақта да ел бөлісер,
Тағы да аршын төсің ағараңдап
Азайған күн сəулесі теңелісер.
Осылай бұлт асырмай, нұр жасырмай
Даланың дархан сері мырзасындай,
Қақпасын қалқаныңның ашқан сəтте,
Көрінер аржағынан көл Жасыбай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу