Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  161


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҒАБЕҢ СЕКСЕНДЕ

Бүгін біздің əр ошақта от қаулап,
Жанып жатыр, бар тəубесін көкке арнап.
Жетті біздің жеке ағамыз сексенге,
Серілердің бəрі атынан серт байлап.
Ғабе, Сізге кітап арнап, жыр жазып,
Келеді өмірім – жанға тауып күнде азық.
Айналасын арғымақтар қоршаған
Сом алтыннан соққан Сіз де – бір қазық.
Боз далада боз арыстан сабазым,
Сізді жаздым таусылғанша қағазым,
Бұлжымаған бұл дүниеде таразым –
Анық өлшеп, айтқан өмір көп, азын.
Сонау-сонау алыптардың ішінен,
Аман жеткен қадіріңізді түсінем.
Бар қазақтың бастан өткен тарихын
Көрген бар ма жалғыз ғана кісіден?
Өз өмірін ақылымен билеген,
Ми мен жүрек денені алға сүйреген.
Бұл тірліктің қиқымына қиналмай,
Жоқ нəрсеге өртенбеген, күймеген.
Хан келсе де қисаймаған бөксесі,
Тура жолдан бір таймаған өкшесі –
– Өзінен бөтен жақсы барға сенбеген,
Жалғыз басы – дарияның кешпесі.
Сан керемет жиналғанда сан елден,
Ақ кемедей алға түсіп жөнелген.
Қашап көрсең қасиетімен көш бастап,
Айрылмаған туа біткен беделден.
Айтқан əсем түгелдікті, барлықты,
Санын соғып қала берген сан мықты.
Күштілікті тани білген халықтар
Аша берген маржан толы сандықты.
Келген дəулер алыс-алыс жерлерден,
Бұл арқылы таланты асқақ ел көрген –
«Мұны мұндай керемет қып туғызған
Даласы ғой, даласы ғой!» – дей берген.
2
Айта алмайды айтар сөзді тіл байғұс!
Тек Ғабеңнің қаздаусын тыңдаймыз.
Ғарыштың да бақытын бір көтерген
Көк аспанда сирек ұшқан мұндай құс!
Абзал Ғабең тұңғыштардың тұңғышы,
Еш қапысыз əр уақытта тынды ісі.
«Анау ағаң – великий», – деп түсімде
Маған ылғи сыбырлайды бір кісі.
Сыбырлайды, сыбырлайды тек маған,
Өзгелердің құлағына соқпаған,
Орысша араластырғанына қарасам,
Соның өзі құдірет пе екен деп қалам.
Мықты болса, оған-дағы мың алғыс,
Ол ежелден өнерпаз ғой сыр алғыш,
Бір халықтың бір перзентін таныса,
Одан биік болмас бізде қуаныш!
Елдің жаны – ердің жайлау – тепсеңі,
Неге ардақтап жатыр халық тек сені.
Мынау сексен – Сіздің сексен емес қой,
Мынау сексен – бар халықтың сексені.
Ол халықтың өшпес мəңгі суреті,
(Келген жерде сөз айталық бір реті).
Сіздің асыл денеңізге күш берген,
Сұлулардың білегінің құдіреті.
Өйткені олар мəңгі қарыз болатын,
Сіз ардақтап ару атын, ана атын,
Дүниеге туған тілде айтқансыз
Қиылмайтын бұл тірліктің қанатын.
Пысқырып та қарамайтын мінез сізде –
Жатыр қайнап таусылмайтын күрес Сізде,
Туған жердің сұлуы боп кездескен
Туған жердің өзі екенін білесіз бе?!
3
Өткен тарих өткелдері бəрі есте,
Сізді білер қария мен нəресте.
Сексен жаста роман жазып отыру –
Мəңгіліктің шын белгісі емес пе?
Дүние заңын анық біліп, басқарып,
Өкпелемей, өрекпімей, жасқанып.
Бір өзіңнен адам артық тумасын
Біліп тұрып, көп олжадан бос қалып.
Мінезіне мынау жалған тірліктің
Сəл жымиып, жүз түсініп, мың ұқтың.
Тағдыр сені талай құртам дегенде
Тастай қатып, тамыр тартып, шынықтың.
Айналайын адамзаттың сұлтаны,
Жер басудан тозу білмес ұлтаны.
Өзгелердей сөзімнің жоқ бұлтаңы,
Сізге арнаған ақ сəлемім бұл тағы!
Бос мақтаумен ақын нені өндірмек,
Жақсы жаққан отты жаман сөндірмек.
Мен қуанам сізбен бірге сан рет
Сапар шегіп, əлсіздігімді көрдім деп.
Оның өзі кісіге еткен жақсылық,
Оңай көзге көрінбейді тапшылық.
«Өзінің мінін өзі білген адамдар
Билік айтар өзгеге деу» нақ шындық.
Сексен жаста сегіз сері бір өзің,
Бүгінгі айтар қуаныш пен жыр өзің.
Сізге еркелеп, бетіңізден сүйетін,
Тағы менің ұстап кетті мінезім.
Сөз сөйледім, əттеген-ай, аз-ақ тым,
Бірақ айтып, арманымды тазарттым.
Аппақ қанат туған жердің сұңқары,
Сен аман бол – мақтанышы қазақтың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу