Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  98


Автор: Ғафу Қайырбеков

Не деген алып еді мынау парк!

Не деген алып еді мынау парк!
Жанарын мың сан көздің тұр аударып.
Венгрдің қолмен еккен барлық гүлі,
Бас қосып, жиналғандай соған барып.
Биікте жəне ескерткіш алып тұлға,
Жабылып қойған оны халық мұнда.
Содан соң сом алтыннан құйған жазу –
Алғысы бүгіннің де, тарихтың да!
Аялап соққан əсем айдай таспен,
Еңкейіп үнсіз келіп, маңдай бас, сен.
Елу мың совет ері жатыр мұнда,
Алғандар Будапешті қанды айқаспен.
Жағалай көз жетпейтін гүл-сандықша,
Кімің бар аза тұтпас бұл санды ұқса.
Қараймын екі көзім жасқа толып,
Мұншама жан шошырлық құрбандыққа.
Ауыздан тиып дыбыс, сөздің бəрін,
Қарайды ел сынағандай көздің əлін.
«Азаткер» – деп атаған Отанымды,
Алғыстың осы арада сездім мəнін.
Кітаптың қос бетіндей көлемдері,
Мəрмəр тас – бейне мынау жер өрнегі.
Астында жатыр соның өңкей қыршын,
Тұп-тұтас туған елдің өрендері.
Оқимын тұнып тұрған есімдерін,
Оқимын, танып, талып есім менің.
Оқимын, ернім ғана күбірлейді,
Санауға атын аяп есіл ердің.
«Аманов, Дəулетов пен Абдуллаев,
Аитов, Ахметов əм Мусаев.
Шакиров, Закиров пен Құсаинов,
Мұстафин, Билібаев, Кененбаев».
Əр қарай дəт жетпейді жалғауыма,
Əр қарай бар бір себеп бармауыма.
Менің де босағама жетпей қалған,
Қорықтым кездесем деп жан бауырға.
Не деген алып еді мынау парк,
Тарихтың ашқан бетін мың аударып!
Əрине, алыптығы – көлемі емес, –
Ойласаң, түсінесің, сен, аңғарып.
Өйткені қара жердің жылтып ішін,
Сенің де жатыр онда бір туысың.
Бауырым, аз дейсің бе осы құрбан,
Дүниеден сұм соғысты құрту үшін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу