Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  171


Автор: Ғафу Қайырбеков

МҰХАМЕДЖАН ҚАРАТАЕВ

Мен көрдім жан төресін бұл тірлікте,
Сол үшін күнде келем шүкірлікке.
«Дүниеде қанша жақсы кісі көрдім?» –
Дегенге жауап беріп үлгірдік пе?
Жоқ əлі, өйткені біз өзімшілдік,
Бұғаудан босамадық үзіп, шығып.
Шығандап талай жерге өмір кетті,
Кəсіппен қыздырмалық, қызықшылық.
...Мұхаңның қадіріне ой тоқтатып,
Отырмын тізгінімді байқап тартып.
Келеді ол менімен бір сапар шегіп,
Астында қара жорға шайқақтатып.
Маң дала көсіледі одан сайын,
Оңаша толғантады өмір жайын.
Келеді Мұхаң үнсіз – түсе ме еске,
Тірлікте кешкен қызық, қайғы-уайым.
Қиырға тастап қойып қыран көзін,
Көреді бала кезін, ұлан кезін,
Көреді жігіт шағын жалын атқан –
Естіпті сондағы айтқан жылдар сөзін.
Содан соң тар жол, тайғақ кешу дəуір,
Бұл түгіл, ел басына түскен ауыр.
Сұңқарлар қатар ұшқан ұясынан,
Қайран дос, ерте кеткен есте бауыр.
Содан соң əдебиет қиын майдан,
Тұрмайды қоюланбай, сұйылмай қан.
Сан сарап, талай талқы, күрес-тартыс,
Танытсын олар оңай сырын қайдан!
Солардың бəрін айтқан том-том кітап,
Қазіргі қанжығаға қойған сықап.
Келеді қара жорға əрең басып,
Шыққанда қырға қарай ойдан шырқап.
Атқанда алдымыздан енді бір таң:
– Астық-ау, жетпіс белес, – деді Мұхаң, –
Алайық ат шалдырьш, ақын інім,
Анау бір болмасам да кəрі-құртаң.
Аз ғана шегелердің босауы шын, –
Деді де, қайта тауып жас дауысын:
– Сендердің өнердегі бақытың үшін,
Мəңгілік қазақ əдебиеті жасау үшін! –
Жіберді бал шарапты Мұхаң тартып,
Жай кезде сақтайтұғын қатаң тəртіп, –
Оты бар іріліктің, серіліктің,
Жүзіне қарай бердім мен құмартып.
– Демеймін аттың, бала, қайыр басын,
Сапардан тағдыр бізді айырмасын!
Айтам деп қартайсам да арманым жоқ,
Жақсы мен жамандықтың айырмасын!
Сол менің бақытым да, жазығым да,
Тірлікте абройым, азығым да,
– Шаба бер қара тайым! – деген халқым,
Шындық пен ақиқаттың жазығында.
О, ғажап, мына сəтте қанаттандым,
Қазаққа қалың сөзін таратқан кім?
Деп дала жаңғырғандай болды бұл шақ –
Сүйсініп мен Мұхаңа қарап қалдым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу