Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  94


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖАН САҒЫНҒАН ЖАҚСЫ ЖЫР

Жан сағынған жақсы жыр,
Қайтсем жазыларсың сен?
Ақ жарылып айтшы бір,
Ақын базынасын сен!
Өзге түгіл өзім де,
Сағынамын, сарғаям.
Түк тимейтін сезімге,
Салқын жырға қол қоям.
Қайда досым қатал сын,
Отыратын сөз қорып.
Ақын жалған айтқасын,
Өзге жанға не жорық?
Өлең жаздым ақ жарқын,
Жаным жайсаң күнінде.
Нұрға толып алды-артым,
Маржан тұрды тілімде.
Əбден соған үйренген,
Аз қиынға кетілдім.
Оп-оңай-ақ күйреуден,
Сақтанбағаныма өкіндім.
Ақыл бəрін білгенмен,
Сезімге оны жеңгіздім.
Босаған аттай жүгеннен,
Көзіме ұйқы енгіздім.
Сілкін, жаным, қайта бір,
Сызатыңнан тез айық!
Ақын едік тəп-тəуір,
Тағы тізгін созайық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу