Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  111


Автор: Ғафу Қайырбеков

ИЕФФАЙ ҚЫЗЫ

Туған жердің маңдайының қырсығын,
Арылтуға керек болса бір шығын,
Жаным, əкем, құрбандыққа мені шал,
Қиналма сен, қиылар деп қыршыным!
Өз мұңымды əлдеқашан ұмытқам,
Сұм өмірден көңілімді суытқам.
Арманым жоқ ажалымды тапсам мен
Жақын жаннан, сүйіктімнен, жуықтан.
Біл, сен, əкем! Менің қаным – адал қан,
Ақырғы арман аңсауынан жаралған.
Жаным, əкем, құшағыңды аш маған,
Ақтық рет бата аяма балаңнан!
Жоқтар Сəлім, ол қайғыдан езілер,
Сен берік бол, төрелігін өзің бер.
Туған Отан, сен азат бол деуменен
Қызың мəңгі тыныш табар, көз ілер.
Қаным суып, жүрек тынса – көм мені,
Жаным, əкем, ұмытарсың, өңгені.
Ұмытпа тек, ұмытылмасын өтінем,
Есіл қызың езу тартып өлгені!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу