Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  105


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚОС МЫҚТЫ

Қос мықтының ортасында отырып,
Күйлер кештім, бұл басымнан не тұнық.
Өкініштің отына да өртендім,
Кетпесін деп,
Жыл толқындар, өшіріп!..
Толастамас, заман жайлы толғауы,
Мүмкін емес,
Мықтылардың болмауы!
Үдеп соққан дауылыңа алғызбас,
Сияқты олар,
Қазақ үйдің желбауы!
Өтетұғын күйініп те, сүйініп,
Ақын жанның тынбай шерткен күйін ұқ.
Қоңыр кеште,
Қос мықтының тұнығы,
Бара жатты,
Тереңіне үйіріп!..
Аяз қарып, түсіп жүріп отқа да,
Барға риза, көндіккенбіз жоққа да.
Білегі емес,
Білімімен жеңетін,
Мықтыларға жоқ дауа!
Айғағындай, татулық пен достықтың,
Ортаға алып отыр міне,
Қос мықтым!
Мейір менен махаббатқа бөлеген,
Осы күнді көп күттім...
Арқамызда жүргеннен соң нелер жүк,
Керек екен,
Мықтылық та, тереңдік!
Мықтылықтың ізі жатыр өшпейтін,
Өтетұғын,
Өлең ғып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу