Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  104


Автор: Марфуға Айтқожина

АБЫЛАЙ ХАН ДАҢҒЫЛЫ

І-жыр
Абылай хан!
Атыңыз жаңғыруда,
Атыңызға арнады даңғылын да.
Жадырап жүрген сыңай танытқанмен,
Жайлар көп, бөлеп жүрген жанды мұңға.
Көкейге қанша сырлы құйып жайды,
Бұл даңғыл,
Тауға барып тұйықтайды.
Бұлт емес,
Алатаудың биігінде,
Жатқандай, қашаннанғы ұйып қайғы...
Кешегі өткен заман, қатал қандай,
Ұрпағың келді атыңды –
Атай да алмай!..
Орының өзгелерден дараланып,
Көкшенің –
Көк шыңында жатар нардай!
Шуағын тұрған кезде таратып шың,
Хандардың –
Ханы болып, дара шықтың!
Ұлан-ғайыр кең дала құшағында,
Аузыңа төрт құбыланы қаратыпсың!
Ұрпағың бұл таңдағы батыл үнді,
Қондырды Оқжетпеске
Ақ шатырыңды.
Батырлық та бар бізде,
Батылдық та,
Ер ұлға берсін дана ақылыңды!..
Шөгеріп шың басына Ақбураңды,
Серт еттің,
Жау табанын бастырмауды.
Абылай хан даңғылымен шеру тартып,
Көші өтіп ғасырлардың,
Жатсын мəңгі!..
Кеудеден басып тастап асқынғанды...
Даланың, сəні болған тау шыңының,
Абылай хан!
Жаңғырады даусы бүгін.
Тұлпармен тұрсыз, даңғыл бас жағында,
Халқыңа айбат берген қалсын ұғым!
II-жыр
...Сенің үйің Абылай хан көшесінде,
Көшеңнен Тəуелсіз ел,
Көші өтуде!
Абылай хан, құдіреті өзгерген жоқ,
Замана құбылса да неше түрге...
Сенің үйің Абылай хан көшесінде,
Сөйлейді жұрт көшеңде,
Неше тілде...
Қанағат,
Ар-ұяты жоқ біреулер,
Көшенің атыменен өштесуде!..
Сенің үйің Абылай хан даңғылында,
Даңғылда –
Заман үні жаңғыруда!
Алматы сол даңғылда, сəн құруда,
Естілер,
Сол даңғылдан
Əн-жырым да!
Даланың сəулеті асып,
Қаланың да,
Ақ қайың,
Арудайын тарануда.
Жүрекке жылу жетіп өзгеше бір,
Жанары жымыңдайды баланың да.
Күйзелтіп, күңірентіп, дана жұртты,
Қазаққа тажал болған,
«Қара мұртты...»
Шуақтап жатқан шақта –
Шың да, құз да,
Көңілге бəрі оралып, алабұртты...
Өмірді жақсылыққа жатсақ та орап,
Сұм заман, өткен екен,
Жасқап, тонап...
Абылай хан!
Алматы биігінен,
Əлемге тұрады енді асқақ қарап!
Құлпыртып табиғат та жайды кілем,
Арулар, Алматыда, сəнді кілең!
Үш жүздің басын қосқан,
Ұлы Абылай!
Қалаға сəн беріп тұр айбынымен!
III-жыр
Ғасырлар, бұлт бүркеді талай шыңды,
Көрмеді жүзі жарық –
Арай шындық.
Ханы бар,
Абылайдай – хандардың да,
Ақыны бар, ақынның –
Абай сынды!..
Ойланып, сан толғанып, ақылға сап,
Тұлғаңды заман өзі жатыр қашап.
Қалған ел, жасқаншақтап ақтаңдақтан,
Абылайлап,
Атқа қонды, атыңды атап!
Тұрғанда батылдығың басыңда үдеп,
Бастаған сан жорыққа,
Батыр – жүрек!
Үш жүзді кең далада жұмылдырған,
Айтады, асқан батыр,
Ақылды деп!..
Айтатын өзің жайлы аңыздар көп,
Жігітке ақыл, ерлік,
Нағыз дəулет!
Өткенде қанша ғасыр,
Соңғы ұрпағың,
Ойлап па ең,
Ұлы ханын, уағыздар деп?!.
Ерлікті ұмытпайды ел, жанкешерлік,
Өшкен жоқ,
Өршімесе,
Жалғас ерлік!
Тəуелсіз қазағыңның Нұрсұлтанын,
Ел болып,
Абылайлап, хан көтердік!..
Тұрғанда Ер қолбасың Қабанбайдай,
Төнеді қауіп-қатер,
Саған қандай?!.
Айбаты арыстандай айға шапқан,
Көңілі тынған емес,
Қамалды алмай!..
Шоқпар мен сілтемей-ақ сойылды өктем,
Биіктен –
Биіктерге ойың жеткен!
Елді де Қиырдағы қабыстырып,
Пекинде елшілігің орын тепкен...
Ширығып, қазақ десе, нағыз жаның,
Қазақтың кім екенін уағыздадың.
Өзіңе соқтыққанды аямадың,
Ешкімнің текке қанын ағызбадың!..
Ұғынып сол заманда-ақ саясатты,
Жасадың төрт құбылаға,
Саяхатты.
Тұсында хан Абылай кемелденіп,
Туған ел,
Бір өзіңнен сая тапты!..
Отырған сен емессің, тағын қорып,
Асырған айбыныңды –
Нағыз жорық!..
Хандығың,
Батырлығың өзіңе сай,
Атың жүр Абылай!, – деген,
Аңыз болып!
Жете алмай ойым жырға саған лайық,
Қанатты жыр көліне,
Барам жайып!
Шет жүрген қазағымды ойламасам,
Хан ием!
Енді неден алаңдайық!
Батырын қарағайдай теңселдіріп,
Еліме Тəуелсіздік, келсең күліп –
Сергітіп жақсы күндер жаңғырығы,
Отырмын өлең жазып,
Еңсем биік!
Ғасырлар бұлт бүркеді талай шыңды,
Қауышты халқымменен арай-шындық!
Ханы бар, хандардың да
Абылайдай,
Ақын бар, ақында да
Абай сынды!..
ІV-жыр
Елім деп, еңіреген дамыл алмай,
Хан болса, болсын əсте
Абылайдай!
Сиындым аруағыңа,
Батыр Бабам,
Бір өзің тілегімді қабыл алғай!
Хан болса, болсын əсте,
Абылайдай,
Атына,
Аруағына табынардай!
Біздерден көлегейлеп жатқан қанша,
Құпия қасиеттері тағы бардай!.
Тектен-тек Абылай деп атамаған,
Сонша əділ, ал, жауына қатал адам...
Қаталдық,
Қайырымдылық қатарласып,
Тұлғасын даралаған сахарадан!
Шын қасиет, жалғастырды ұрпақтарға,
Шын жақсы –
Көңілінде кір сақтар ма?!.
Сол ғажап қасиеттер, қайталанбас,
Қайтадан хан көтертті, бұл шақтарда.
Жасыл ту –
Жығылар ма, батыр тіккен,
Жатар ма, жасырынып асыл біткен?!.
Жалғасты ерліктерің,
Жалғасады,
Қаншама жасырғанмен ғасыр тіптен.
Ұрпағың – Шыңғыс,
Шоқан,
Шоталардай,
Емес ол, жеке шыңдар,
Жоталар жəй...
Жұлдыздай ағып түскен
Шоқан – арман,
Қазақтың əр баласы, от алардай!
Айтылып жатыр қанша «тəубе» түрлі,
Жебеп жүр аруағың,
Əулетіңді.
Шотаның қиялынан өрген үйлер,
Асырып жатқан жоқ па, сəулетімді?!.
Көтерген көк күмбезге Көкбайрағым,
Жасыған жігерлерді көп қайрадың.
Емес тек хандық үшін,
Иен далада,
Құздарды қоныстанған –
Көпті ойладың.
Ойменен тау жайлаған көпті ойладың,
Шуағын ұрпағыңа –
Төкті ойларың!..
Өзіңді Оқжетпеске көтеретін,
Елімде асып туған көп қой дарын!
Бір кезде қалың қолдан қайысса жер,
Бүгінгі ұрпағыңды сайыста көр!
Желінен Желтоқсанның –
Жалын лаулап,
Көңілдің көгінде жүр,
Қалықтап Ер!
Сондағы қыршын кеткен, бауыр, бала,
Жанымнан айықпайтын –
Ауыр жара...
Көнбедік, біз күрестік,
«Күштілермен»,
Қасқайып қарсы тұрдық дауылға да!
Кешегі Ер Қобыланды жалғастары,
Қазағым ұмытпайды,
Олжас барын!
Семейде жарылысқа қарсы тұрған,
Желтоқсан –
Сан ерліктің Алдаспаны!..
Абылай хан!
Шындық осы, Кенесарым,
Емес бұл,
Күнде айтылар, көне сарын.
Он бес миллион қазағың жер шарында,
Бұл күнде күш-қуаты емес шағын!
Елбасы!
Бар қазақтың басын қосты.
Бауыр-туыс, көрдік шын асыл досты,
Ел дүбірлеп жатқан бір осынау сəтте,
Кім білсін,
Омырауда жасың жосты?!.
Іргесін жамандықтың аулақ түріп,
Кім білсін, жатпасыңды аунап-күліп.
Желінде желтоқсанның үзілген гүл,
Орнына өсті тілек қаулап тұрып!
Арманнан, арылмаған жырдан жаны,
Қазағың ағылды ойдан,
Қырдан дағы.
Ғажап қой!
Басын қосты Алматыда,
Заманның үзбей көшкен – құрбандары!..
Ғасырдың аты əйгілі құрбандары,
Жүзінің осы шығар нұрланғаны.
Алатау,
Алтайымның асқақтығы,
Жарасты өрлігіңе тұлғаңдағы!
Алматы құлпырады, түлеп тіптен,
Жаңбырдай жауған кезде тілек біткен,
Күндерге армандаған қолы жетіп,
Кенелді қуанышқа,
Жүрек күткен!
Даласы, қаласы да, халқы да бар,
Жайы жоқ,
Ешкім де енді тартып алар!..
Жасыңды кірпік көмген құрғатып бір,
Шомылып, қуанышқа
Қалшы жанар!
Қоштасып қасіретпен туа құшқан,
Жыласаң, жыла бүгін –
Қуаныштан!
Елдің де, иесі өзің байтақ жердің,
Келмеске кетті күндер,
Құрақ ұшқан!..
Енді біз айтшы неден, кенжелейік,
Келеді мұнайың да,
Кен көбейіп!..
Картаға қазақ жерін сызып кеткен,
Бəрін де бар байлықтың –
Менделеев!..
Жетеді, атағы асқан өнерлім де,
Тұрғанда, жер байлығым
Кедеймін бе?!.
Арайын мол шуағын, себер гүлге,
Қараймын, мен сеніммен
Келер күнге!..
V-жыр
Бөлеген жүрегіне гүл шоқтарын,
Ақтарған сан қиырдан сыр соқпағын –
Абылай хан даңғылында шеру тартты,
Көксеген осы күнді ұрпақтарың!
Түскендей жарық сəуле санамызға,
Қала да дүбірледі, даламыз да.
Алыстан аңсап жеткен,
Ер қазақтар,
Еңсесі биік тұрды,
Арамызда!
Қарашы, ұрпақтары батыл неткен,
Қыс кетіп,
Көкірегінде жатыр көктем!
Қашанғы бабалардың арманы деп,
Астана орнатуға ақыл жеткен.
Қарашы, ұрпағыңа өркен жайған,
Шығады дейтін емес,
Ертең қайдан?!.
Ақындар айтысы да Алматыда,
Тəуелсіз қазақ деген,
Көркейді ойдан!
Бұрындар жетуші еді-ау, əнің талып,
Дүркірер «Айтыс десе», қалың халық
Айтысты мəресіне жеткізем деп,
Жүрсін жүр,
Айтыс үшін жанын салып!..
Осының бəрі жеткен жетістігім,
Бостан бос жатпағаны-ау, өтіп күнім.
Білімді жастар қаулап келе жатыр,
Көремін жанарынан –
От ұшқынын!
Күн сайын құштарлығы артып тілге,
Барады Ата текке тартып мүлде!
Қазақтың батылдығын,
Батырлығын,
Ұстаздар, шəкіртіне айтып күнде...
Құштарлық артқан сайын ана тілге,
Дүние құлпыруда жаңа түрде.
Ұғынып келе жатыр жас ұрпақтар,
Дала мен керектігін,
Қала кімге...
Бабалар!
Ұрпақтарың сұлу неткен,
Қызығам, жүздеріне
Жылуды өпкен.
Көкірегі –
Қаныштың кен қоймасы,
Сезімдері толқыған, сұлу көктем!
Көрсетіп Атамекен асқақтығын,
Келіпті ұрпақтарын бастап бүгін.
Алатау мол құшағын айқара ашты,
Жатқан тау, сан ғасырдың,
Жастап сырын!..
Бастай бер қазағыңды биіктерге,
Толмасын өр кеудесі күйік-шерге.
Көл-көсір көңіл жетсе,
Орын жетер,
Кетпей ме, бар қазағың
Сыйып төрге!..
VІ-жыр
Жатқанда Алатаудан əн-күй түлеп,
Жанымда қалмайды енді қайғым түнеп.
Қолдай көр, Ата-бабам, аруағы,
Қайғысыз өмір кешсін,
Айдын-түлек!
Көрем деп кім ойлаған мына күнді,
Өзен-жыр, тасытайын бұлағымды!
Қонағы Құрылтайдың, жан бауырлар,
Тұндырды көңілді үнің,
Құла-дүзді.
Бұл кеште Алматының сəні бөлек,
Тұрғандай, жұлдызы да
Жанып ерек!
Жаңғыртты Атамекен шың-құздарын,
Алыстан аңсап келген əні демеп!
Алысқа жатсын солай жалғасып əн,
Ауытқып, аунамасын,
Арнасынан.
Арнасы асыл жыр мен асқақ əннің,
Танырсың,
Шаңырақ,
Ай-таңбасынан!
Ғаламат қыран құсы саңқылдаған,
Таңырқап қыраныма,
Қалсын ғалам!
Сан ғасыр келіп еді, билеп-төстеп,
Осынау байтақ елді, арсыз-надан!
Қазақтың жаны – дауыл,
Жаны – жалын,
Жанымды намыс оты,
Жанығаным!
Қазақтың ана тілі, ар тұтқаным,
Тілін білсең,
Қазақты танығаның!
Сол бір күндер теңеліп өр мен өрем,
Жүрегімнің толқынын –
Тербеді өлең!
Теңіз бен айдындарға кетті жүзіп,
Қайырлап қалып қоймай,
Көлде кемем!
Бұл қанат бітірген күн айбынды ерге,
Қалықтап мен биікте,
Қайғым жерде...
Тұяғы тұлпарлардың дүбірлетті,
Əндетіп аққу-қаздар,
Айдын көлде!
Алматы жанарына жас алып тұр,
Аруақтарға ілтипат жасалып бір.
Көшелердің келбеті өзгеріпті,
Ұлылардың атымен
Аталып кіл!..
Жүректі нұрландырып жырмен мүлде,
Алматым, көркеюде –
Күннен-күнге!
Күмбездері шағылып Күн көзіне,
Көшелері оранып
Жыр мен
Гүлге!..
Жаңа ғасыр шертілген жаңа сырлар,
Келеді өсіп ару-қыз,
Тамаша ұлдар!..
Алматының сəулетін асыратын,
Қазаққа шын тілектес,
Жанашыр бар!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу