Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  75


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚАЛАЙША КҮЗ БОП ҚАЛДЫ

Қиялшыл ғой ақындар, шектер ме ойды,
Шөптің-дағы көктемде
Көктейді орны.
Көктем ұзап жатса да,
Күзім орнап,
Көз алдымнан кескінің
Кетпей қойды...
Сары белдер бұлдырап, сағым қуған,
Өзегіме өрт болдың,
Сағындырған.
Сағыныштың дертінен айықпадым,
мені үнсіз өзіңе бағындырған.
Құстар үні құлпыртып, түрлеп маңды,
Бау-бақшалар жатқан-ды гүлдеп сəнді.
Көз алдымнан көгілдір
Көктем ұшты,
Қалайша,
Қас-қағымда күз боп қалды?!.
Қалайша, көзді ашқанша күз боп қалды,
Көктырналар –
Көтерген тізбек сəнді.
Ризамын жазыма, жайма-шуақ,
Көңіл өтер,
Көктемін іздеп мəңгі!..
Сол көктемдей өтермін іздеп сені,
Балғын көктем,
Секілді, бізге өкпелі...
Алыстатып сені əйтеуір бара жатыр,
Көктырналар,
Көктегі тізбектері...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу