Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  90


Автор: Марфуға Айтқожина

ТАЛДЫҚОРҒАН

Өтсе де алаңдаумен қанша жылы,
Əркімнің заман жайлы бар танымы.
Қалпына қайта келді,
Талдықорған,
Атанып облыстың –
Орталығы!
Жүретін халқы үшін жанұшырып,
Еліне,
Елбасының ойы тұнық.
Толқиды қуаныштан Талдықорған,
Оңынан күн,
Солынан айы туып!
Мінезі Батырындай, батыл – ерке,
Шалқыған орман-көлі,
Жасыл өлке.
Бəрі де ойдағының орындалып,
Шамданбай,
Шағымданбай, жатыр ерше!
Таулары түс көретін көз ілгенде,
Боларын осындай күн –
Сезінген бе?!.
Елбасы!
Көзбен көріп, табыс етті,
Тастамай,
Ел-жұртының сөзін жерге.
Келгенде жаңа ғасыр, шабысы мол,
Атырдың таңды ұйқысыз алысып ой...
Жетіпті Талдықорған дегеніне,
Елімнің теңдесі жоқ табысы ғой!
Əлі де өзіне ешкім теңеспеген,
Бұл тойды бастады жұрт,
Дəнешпенен!
Ымыртта қоңырайып тұрған үйлер,
Сол күні,
Ешкімнің де шамы өшпеген!..
Келгені қас-қабағын байқап жұрттың,
Бұл дағы бір белгісі, қайсарлықтың!
Көмілген көкейдегі арманы еді,
Алғыс көп,
Елбасына,
Айтар жұрттың!
Қашан да əнді болған, сəнді болған,
Қайтадан дүр сілкінді,
Талдықорған!
Кешелер, құлазыған кездерінде,
Жалғыз сəт Талдықорған, қалды ма ойдан?!.
Таулардың арасында ерек, заңғар,
Қоршайды қалың орман,
Терек-талдар!
Өзіндей орманы ойлы,
Өзені мол,
Кеңістік,
Қырандарға керек самғар!..
Қашан да орман-көлдер дала сəні,
Көк орман келбетіңе жарасады.
Жас алған қариялар қуаныштан,
Мейірмен бір-біріне қарасады.
Оралсын ақындарға жаңа шабыт,
Жүрмейсің, енді сен де аласарып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу