Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  120


Автор: Марфуға Айтқожина

ТАМЫЗ АЙЫ!

Көншімес көңілім тартпай асылды алға,
Сағыныш саған деген басылған ба?!
Өмірге келген екем,
Өр Талқыда,
Сырлы аспан айдан алқа асынғанда,
Сайрамның көлі толқып қуаныштан,
Толқындар, көкке атылып, тасынғанда!
Кім білген табиғаттың сонша сырын,
Қажымай сол қалпында қалсашы үнің.
Желкілдеп Көксалада, көк бетеге,
Тамызым, əзірлепті мол шашуын!
Тұнығы тынбай тасып Күркілдек те,
Тұрыпты шыңдар бойлап, мұңсыз көкке!
«Мойнына бұршақ салып тілеп алған»,
Жүрегі сол күнгідей дүрсілдеп пе?!.
Əн шалқып, ұлан-асыр той жасапты,
Ойлаған болар, ел-жұрт білсін деп те.
Айдында аққу-қаздар асыр салып,
Тойлапты емін-еркін, ақын халық.
Тербепті сəби үнін Талқытауы,
Бұл күнде Алтай, Балқан жатыр танып!..
Сонша ма таусылғандай тағат бүгін,
Тағы да Талқы жаққа қарап тұрмын!
Өмірге мені əкелген сұлу Тамыз!
Өзіңмен, жаным, сырым,
Жарасты үнім!..
Тамыздың қарсы аламын айын, күнін,
Ерекше болмаса да дайындығым.
Тамызда дүние толқып,
Тамылжиды,
Тамызға арнар менің дайын жырым!
Жайы осы тауда өскен «Қарындастың»,
Өлеңмен өмірімнің зарын бастым.
Енгенше қара жердің құшағына,
Аңсаудан ешқашан да арылмаспын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу