Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  92


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ

Кездерде көзден ұшқан не бір арман,
Өзгерді, «Желтоқсанмен», өмір арнам!
Қанша ма қантөгіспен келген күнді,
Адамға қандай бақыт,
Сезіне алған?!.
Тербеген тереңімді сөзді ақтардым,
Көп шердің мүмкін емес, қозғап бəрін.
Тəуелсіз күнге бізді жеткізді ғой,
Қапыда кеткен,
Қайран, боздақтарым!
Ажалдың алдында да бас ұрмаған,
Бір гүлі он екіде ашылмаған –
Қазақтың сол бір қайсар,
Арулары-ай!
Жауа алмай кеткен көзде –
Жасың да адал!..
Жатқандай сол бір үндер дала кернеп,
Көңілге өшпейтіндей салады өрнек!
Алдында батырлардың,
Бас иемін,
Қолынан қаза болған,
Қара жендет!..
Күйініш, сүйінішін жасырмаған,
Беу, менің қасіретті,
Асыл далам!
Еске алып Қайрат сынды батыр ұлын,
Күбірлеп, сыр ақтарып жатыр маған...
Жанымыз жамандықтан көп суынды,
Жүрегім, түсінгенге кекті-мұңды...
Желі ғой, Желтоқсанның –
Көк күмбезде,
Көтерген желбірете, көк туымды!
Өр еді, қайсар еді, жаның неткен,
Суынбай, көк боранда жалынды өпкен!.
Шуақты күнім өзің, Тəуелсіздік.
Қанша ма құрбандықпен талып жеткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу