Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  84


Автор: Марфуға Айтқожина

КҮНЕС

Жүрегім Күнес десем, күрсінеді,
Күнестен – тасқын əуен
Күркіреді.
Күнестен басқа жерде күй кешсе де,
Күнесті күнде айтумен жүр түлегі!..
Дариға!
Күнес – ұжмақ мекен еді,
Басқадан сұлулығы жекеледі.
Сол Күнес арындатып –
Əнші Əсетті,
Əуенін алыстарға жетеледі...
Өзіңе арналғаны бекер ме өлең,
Тебіреніп Күнес десе, кетем неден?..
Өзіңді көз тіріде көре алмасам,
Арман ғой,
Өлең-жырым, жетер деген!..
Көзіме елестейсің, Күнес десем,
Кетер ме ем, мен де сөніп
Күреспесем?..
Хақым жоқ күреспеуге бұл ғаламда,
Тұрған жоқ арқада Əкем, тіреп шешем!..
Қырандай қия-шыңда түлеп жүрер,
Өзіңнен шықты қанша,
Жүректілер!
Жүрсек те қайда-қайда, қандай күйде,
Жүрек те,
Айтылатын тілек біреу!
Аңсаймын,
Атқан таңын,
Күнес кешін,
Қашан да, қайда-дағы жүректесің.
Қайраған батырлыққа ұл мен қызын,
Жүректе Күнесімнің жыры өшпесін!
Биік тау, тау-құздарың, жақпарларың,
Қойнауы жақпарыңның –
Жатқан дарын!
Ақынды Таңжарықтай аспандатсаң,
Мол шуақ жырларынан тапқан жаным!
Кім сенің ойсыратты орманыңды,
Қалдырды кімдер сені
Ойға мұңлы?!.
Секірген жартастағы маралыңды,
Білемін,
Мертіктірді,
Тор да құрды...
Өзіңді армандаумен өтіп күнім,
Алыстан жатқан жоқ па,
Жетіп бір үн...
Нұршатың жатса сенде əн шалқытып,
Келемін,
Мен де аңсаудың шертіп күйін!..
Күндермен қиялымды жарыстырып,
Жүремін жақын болып,
Алыс тұрып...
Нұршатым, сенің əнің
Менің жырым,
Біздерді жатқан жоқ па, қауыштырып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу