Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  87


Автор: Марфуға Айтқожина

Кеткендей, бір керемет тасқын жүріп...

Кеткендей, бір керемет тасқын жүріп,
Қойдың-ау, арманымды асқындырып.
Көңілді шуағыңа жаяйын мен,
Ызғары, қытымыр қыс,
Жатсын жібіп...
Көктемнің буырқанған селіндей бір,
Көңілден келеді əлі,
Төгілмей жыр...
Кешегі ұшып кеткен қарлығаштар,
Көзіме бүгін неге,
Көрінбей жүр?!.
Қайдасың, адал құсым, қарлығашым,
Тағдырың, мені ойларға қалдыратын.
Есіме қайта-қайта алдырасың,
Жүректі шоқтай қарып жандырасың,
Қайдасың, адал құсым,
Қарлығашым!..
Арманымыз ақ таңмен таласа атқан,
Сенімен қатар өстік бала шақтан.
Жаңғырып жатқандайын сезінуші ем,
Үніңнен, періштем-ау,
Дала-шатқал!..
Безініп қастандықтан, дүлей, тылсым,
Қыстаудың шатырына түнейтінсің!..
Қыстау да,
Туған жер де, қиыр қалып,
Болар деп кім ойлапты,
Жүдейтін күн?!.
Ұяңды жүрген кезде үйге салып,
Табатын жаным тыншу, күйге қанып.
Сол күндер көктем сайын оралардай,
Жанарым жүрген жай бар,
Күнде талып...
Оралар, ойға бəрі тарыққанда,
Қиялдың шегі жоқ қой,
Шарықтауда...
Ағаш үй қыстаудағы,
Қарлығаш жоқ,
Орынын сипап қайттым,
Барып сонда...
Кеткендей керемет бір тасқын жүріп,
Қойдың-ау!
Арманымды асқындырып.
Көңілді шуағыңа жайдым, міне,
Ызғары, қытымыр қыс,
Жатсын жібіп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу