Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  108


Автор: Сағи Жиенбаев

ҚАР ТУРАЛЫ ЖЫР

Алматының көшесінде ырғалып,
Арлы-берлі ағып жатқан бір халық.
Аппақ қардың аймалаған лебімен,
Албырайды жүздері де нұрланып.
Арлы-берлі ағылған жұрт жаяулап,
Ақ қанатты қар жауып тұр баяулап,
Аяғыңмен басуға оны қимайсың,
Адамдарға осынау дүние аяулы-ақ!
Өтіп жатыр біреу үнсіз жүгіріп,
Өз деміне өзі ғана жылынып,
Өтіп жатыр қос балапан–қос құрбы
Бір-бірінің қолтығына тығылып.
Қар жауып тұр,
Асықпайды ол бірақ.
Қонып жатыр жаймен ғана қалғып-ақ.
Алатаудың құшағына енгенде,
Ақ денесі кететіндей балбырап.
Ұйытқып-соғып аласұрған көңілдей,
Бір-ақ түнде ақтарылып төгілмей,
Қара жерге түседі ылғи жасқанып,
Қалыңдық боп жаңа түскен келіндей.
Кейде тіпті ашылып та шашылып,
Кейбіреудің табанына басылып.
Қалады ол аз күн өмір сүргенде,
Қара жердің кем-кетігін жасырып...
Жаңа жылда түскен жаңа келіндер,
Жас жұбайдың құшағына еніңдер!
Жармен бірге біразырақ серуендеп,
Жауған қарды сендер-дағы көріңдер.
Жан-жарының қамқоры да қорғаны,
Жатқан шығар аппақ болып ол-дағы!..
Жақсылардың жүрегіндей тап-таза,
Жауған қарды еске алсаңдар болғаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу