Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  132


Автор: Сағи Жиенбаев

КӨКШЕ ҚЫСЫ

Тып-тыныш.
Боран да жоқ уілдеген,
Үн де жоқ сыбырлаған,
күбірлеген.
Ақ қарды ауырсынып,
анда-санда
Ақ қайың бұтақтары дірілдеген.
Баурайда ақша бұлттар кілкілдеген,
Бетіне жел тимеген,
күн тимеген.
Жартас та ұмытқандай тас екенін,
Оранып ақ мамыққа үлпілдеген.
Бұл жерде не көрсе де шыдайтындай,
Құмары басылмайтын бір алқынбай.
Дәл қазір –
ақ қайындар билеп-билеп,
Бұралып ақ төсекке құлайтындай.
Еліктер шығады ойнап легіменен,
Еркелеп,
еркін жүріп сеніменен.
Түседі қарағайдан қар сауылдап,
Солардың ағып өткен лебіменен.
Үлбіреп,
қар жауады үнсіз ғана,
Жүзіңді шымырлатып шусыз ғана.
Жамылып адалдықтың ақ көрпесін,
Жатады мұңсыз орман,
мұңсыз дала.
Көрінді дәл осылай бақ та маған,
Әу десем,
басын сілкіп жалт қараған.
Жүргендей жан-жағымда
кілең ғана
Аппақ жел,
аппақ өңір,
аппақ адам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу