Эсселер ✍️

  20.06.2022
  120


Автор: Камал Әлпейісова

АУДАРМА АУЫЛЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

 


Кез келген ортада, кез келген ұжымда табиғат берген түр- тұлғасымен, адами қадір-қасиетімен не өзін-өзі ұстауымен басқалардан ерекшеленіп, немесе айналасындағыларды білімімен, өнерімен, қабілет-қарымымен еріксіз мойындатып тұратын адамдар болады. Әдетте, ортасының оларға деген қарым-қатынасы да қалыптасқан рес- ми қалыптан шығып, шуақты, жайдары арналарда тоғысып жатады. Көпшілік назарына ұсынғалы отырған өзім қызмет ететін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының Редакциялық-баспа бөлімінің сектор меңгерушісі, аудармада өзіме ұстаз тұтатын Есенқұл Сафуани – сондай жан десем артық айтқаным емес.


Сайдың тасындай іріктелген мықты аудармашылар істейтін осы бөлімге «бізге қазақшаға ғана емес, орысшаға да жақсы аударатын адам керек» деп, қабілетімнің осы қырына назар аударған (жатқан жері жарық болғай!) Зейнолла Серікқалиевтей биік парасат иесінің шақыруымен (яғни, қолдауымен) келсем де, ұжым табалдырығын үркектей аттағаным есімде. Өйтетін жөнім де бар – мұндағы аудармашылардың өңкей жігіттер екенін білетінмін. Бекер жүрексініппін – еліміздің ірі баспаларында марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерін, пар- тия, кеңес жұмысы материалдарын аударып шыңдалған аттары дар- дай Мәди Айымбетов, Мырзабай Кеңбейілов, Жолбарыс Әбішұлы,


 


Махамбет Жәмекұлы, Дәуітәлі Омашұлы, Ағайдар Ысымұлы сияқты аудармашылардың қатарында Есенқұл Сафуанұлы да мені жылы қабақ таныта қарсы алды.


Кең маңдайына толқынды шашы ерекше жарасатын, кейде тау- дай тұлғасына елпілдеген мінезі келіспей тұратындай көрінетін Есен ағаның қызметтестерімен, әріптес аға-інілерімен емен-жарқын сөйлесетінін көріп жүрсем де, көпке дейін араласа қойған жоқпыз. Бір жағынан екеумізге тапсырылатын жұмыстардың мазмұны екі түрлі болғандықтан да болар, екінші жағынан, маған ол кісінің бойында адамды ықтырып тұратын бір қасиеті бардай көрінетін. Қазір ойлап отырсам, ол – Есен ағаның білімдарлығы, өзі атқаратын шаруаның бүге-шігесіне дейін зерттеп, титтей де болса кемшіліктерді жібермеуге ұмтылатын ыждағаттылығы, қай қағазға болмасын ең соңынан өз қолынан өткендей қарайтын асқан жауапкершілігі екен. Әріптестерінің ол кісінің айтқан ескертпелерін ойланбай қабылдап, терминдерге тала- сып, мәмілеге келе алмай жатқан кейбір даулы тұстарда «Есаға қалай деп алған екен?» деп жатуларында осындай мән бар.


Арада көп уақыт өтпей-ақ біздерге, Жоғарғы Кеңестің бір топ аудармашыларына, республикамыздың аударма саласына енді-енді ғана ене бастаған тың сала – ілеспе аударма жасау жұмысын игеру тапсырылды. Себебі, тіл туралы алғашқы заңымыз қабылданғаннан кейін Жоғарғы Кеңестің депутаттары екі тілде сөйлей бастаған-тын. Осы кезден бастап тұрақты негізде жұмыс істейтін ілеспе аудармашылар тобы құрылып, оған Е.Сафуани басшылық жасады.


Ілеспе аударма дегеннің не екендігін естіп қана білетін біз үшін оны игеру оңай болған жоқ. Еш жерден оқып үйренбеген, басқа жерлерге барып тәжірибе жинақтамаған, тым болмаса, мұндай аударманың қалай жасалатынын өз көзімізбен көрмеген біздің алғашында жүрексінгеніміз, абдырап-сасқанымыз рас. Міне, осы кезде Есенқұл Сафуанұлының білімі мен қабілеті, сабырлылығы мен ұйымдастыра білу қасиеті көмекке келді. Залда сөйлеген биік лауазым иесінің мысы басып немесе үтір, нүктесіз сөйлейтін адамдардың екпініне ілесе алмай, микрофон алдында үнсіз отырып қалған әріптестерін дереу алмастырып, өзі аудара бастағанына талай куә болдық. Осы қабілетін жыл өткен сайын шыңдай түскен ол бүгінде ілеспе аударманың майталманына айналды.


Есағаның ілеспе аударма жасағанын қарап, тыңдап отырудың өзі бір ғанибет. Мінберде тұрған баяндамашының қағаздан көз алмай


 


зырылдатып оқи жөнелген мәтінін Есаға аз-кем тыңдап алады да, майда қоңыр даусымен баяндай бастайды: жаңа ғана терминдерге сіресіп тұрған мәтіннің лезде өңі айналып, тыңдаушылар құлағына қарапайым адамның ұғынуына лайық сөйлемдер жетіп жатады. Міне, осындайда Кеңес Одағынан шыққан алғашқы ілеспе аудармашылардың бірі Р.К.Миньяр-Белоручевтің «Ең жақсы ілеспе аударма – аз сөзбен көп нәрсені айта білу» деген сөзі ойға оралады.


Ілеспе аударма Есағаны екінші қырынан танытты: менің ойымша көп сөзге жоқ, бір қарағанда өңі сұстылау көрінетін ол мінезі жұмсақ, жайдары жан болып шықты. Ал әңгімешілдігі қандай! Балалық шағында, жас кезінде басынан өткен небір қызық жайларды түрлендіре әңгімелеген кезде кім-кімді де үйіріп алып кетеді. Қай жерден көңілді күлкі естіліп жатса – сол жерде Есағаң әңгіме айтып тұр дей беріңіз. Ал бүгінгі күндері үлкен жиындардың – халықаралық конференциялар мен съездердің арасындағы үзілістерде енді ағылшын, араб, қытай, түрік тілдеріне аударатын аудармашылар тағы бір қызық әңгіме тыңдағысы келіп Есағаны төңіректейтінін байқап жүрмін.


Есағаңның алдына келген аударманы оқып, редакциялауында да бір ерекшелік бар. Бұдан оншақты жыл бұрын, қазіргідей электрон- ды заңдық база жоқ кезде, «Жаршыларды» алдына жайып тастап, қызметкерлердің таба алмаған заңдарын тауып, байқамаған, көрмей қалған, дұрыс аудармаған тұстарын жөндеп, әкелген мәтіндерін жұтындырып шығаратын. Және әріптестерінің әлгіндей қателіктерін көзіне шұқымай, өз ойын қағаздың шетіне жазып қояды. Ана бір жыл- дары, термин бірізділікке түсірілмеген кезде «Үкімет – заңнама, Пар- ламент – заңдар деп алады, қайтерімді білмей ақылым айран» дегенін оқып күлгенім бар. Шындығында ол біздің бәріміздің басымыздағы жай еді. Есағаң соны бір ауыз сөзбен білдірді. «Бір ғана «интеграция» деген сөз үш ведомствода «араласу», «сіңісу», «кірігу» деп үш түрлі ау- дарыпты, ау, терминком «ықпалдастық» деп бекіткенін білмей ме екен шіркіндер» деп жазылыпты тағы бірде. Мұнда да, тиісінше жұмыс істеп жатқан органның шешімдерін орындау керектігін жайлап қана білдіріп отыр. Ағаның осы бір әдемі әдетіне арнап:


«Біреуінде таңданыс, Біреуінде наз, үміт. Бірінде бар толғаныс, Бірі – әділ қазылық. Ес-аға үшін – сол намыс, Жүрсек соны аз ұғып. Кетті-ау талай асыл сөз «Поляларға» жазылып!» деп бір шумақ өлең жазғаным есімде.


Өзінің айтуы бойынша Есаға туысқан Қарақалпақ елінде қазақ, өзбек және түрікмен ағайындар аралас қоныстанған ауылда өсіпті.


 


Әдетте, көп этносты ортада өскен адам сол ұлт пен ұлыстардың мәдениетін бойына сіңіріп өседі. Есағаның аузынан бұрындары естімеген әдет-ғұрыптар туралы қызық әңгімелерді, мақал-мәтел, сөз тіркестерін көп естідік. «Әгәрәки патша күнді – түн десе, әне, жұлдыз, әне, ай!» (басшының айтқаны болады деген мағынада), өздері тұратын ауылда түрікмен ағайындар айтатын, біздегі «жатқан жері жаман ғой»,


«жатыры жақсыдан жайдары ұл туады, жатыры жаманнан қайдағы туады» деген ұғымды білдіретін «Қапшығың бүтін болса – тары саласың, жыртық болса – сабан тығасың» дегенді де сол кісі айтты.


Осы жерде Есағаның бойындағы тағы бір үйренерлік қасиетті айта кету парыз, ол – белгілі бір жағдайларда біреулердің өзінен озықтау, мықтылау екендігін мойындай алуы. Және оны жай ғана өзіңе емес, көп алдында айта алуы. Бір мысал айта кетейін.


Жаратушы дарытқан ақыл мен дарынның, зеректік пен қабілеттің арқасында, әрі өзімнің берген тәрбиемнің жерде қалмағандығынан да болар, әне бір жылдары балаларым қатарының алды болып, ұлым телевидениеде авторлық бағдарлама ашып, қыздарым түрлі жарыстарға қатысса мерейі үстем болып, жеңіп келіп жатты. Осындай қуанышты күндердің бірінде ағалардың батасын алайын деп ұжымымды қонаққа шақырдым. Сонда Есағаң толқи сөйлеп: «Ең бастысы – бойыңдағы ізгі қасиетті ұрпағыңа дарыта білгендігің. «Қартайсаң да жастайсың, ақылды балаң ержетсе» деген аталы сөз қартаймасаң да дәл саған арнап айтылған сияқты. Екеуміздің баламыз бір класта оқыған. Сенің ұлың үлкен саясаттың кішкентай да болса бір тетігін айналдырып отыр, менің ұлым – әлі де әке-шешеге еркелеген бала» деп еді.


Мен: «Сіздей, Ғалия жеңгейдей еркелетіп, әлпештеп отырған ата-ана болса, баланың еркелеп, уайымсыз, алаңсыз өскені де бір бақыт. Тау тұлғалы Сіз тұрғанда ол бала еркелемегенде қайтеді?» деген сонда. Сөз реті келгенде айта кетейін, Есағаң – өнегелі ұл-қыз өсірген бақытты әке. Жанары микробиология ғылымының өте сирек зерттелген саласынан кандидаттық диссертация қорғаса, Қасымы – Астанадағы аты танымал сәулетшілердің бірі. Мұхтары – құрылыс, Төлегені – банк саласында қызмет етеді. Ал Гауһары болса сонау мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап ғылыми жобалар жазып, облыстық, республикалық сайыстарға қатысқан алғыр, зерек бала, қазір медицина академиясының мақтаулы студенттерінің бірі. Үлкен әулеттің көкірегі шежіреге толы ақсақалы сияқты Есағаңды қызметтес әріптестері де ерекше қадірлеп, сыйлайды.


 


Жылдар жылжып, өмірде де, бөлімде де өзгерістер болып, енді қызметкерлердің жасаған жұмыстарын редакциялау міндеті маған жүктелді. Орындаған тапсырмасын тексеруге әкелген жас әріптесімнің жұмысын қарап отырып: «Асығып орындағаның көрініп тұр. Әйтпесе мына мәтін сен осынша қате жіберетіндей күрделі емес қой» дедім. Дедім де, «осы сөзді қайдан естіп едім?» деп ойланып қалдым.


Иә, сонау аудармашылық қызметімнің алғашқы жылдарында Есағаң маған тап осылай ескерту жасап еді. Материалымды қайтарып тұрып:


«Заңдарға өзгеріс енгізу деген өте күрделі жұмыс, бірден игеріп кету қиын. Сондықтан ондағы кемшіліктерге кешіріммен қарауға болады. Ал мына екінші жұмысты орындауға сенің қабілетің, білімің толық жетеді, сірә, асыққан болуың керек» деп еді. Содан кейін Есағаңнан ондай ескерту алмау үшін, алдына барарда материалды қайта-қайта қарап, заңдық базамен салыстырып, әбден тексеретін болдым. Еңбегім зая кетпеді – білімім тереңдеп, тәжірибем арта түсті, заң шығару ісінің қыр-сырына қанықтым, қазақ тілінің заң тілі ретінде қалыптасуына үлес қоса бастадым.


«Заң тілі көркем әдебиет, тіпті баспасөз жанрлары тілінен мүлде өзгеше, түсіну үшін арнайы дайындықты қажет ететін тіл екендігіне көпшілігіміз мән бере бермейміз, – деді Е. Сафуани Парламентте өткізілген «Мемлекеттік тілдегі терминологияның көкейкесті мәселелері және терминдердің заң шығару қызметінде қолданылуы» атты дөңгелек үстел мәжілісінде баяндама жасағанда. – Мұны түсіну үшін бір мысал келтірейік: «... осуществляются уполномоченным органом в соответствии с законодательством Республики Казахстан». Дәл осындай, осыған ұқсас тіркестер барлық заңдарда кездеседі. Ал осы тіркестің қазақшасын заң жобасын ұсынушылар көбінесе: «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті орган жүзеге асырады» деп жүр. Сөздер өз орнында тұрмағандықтан, заңның осы тармағының нормасы бұзылады. Яғни «қосылғыштардың орны өзгергенімен қосынды өзгермейді» деген математиканың қағидасы заң мәтініне жүрмейді. Бұл арада «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті орган жүзеге асырады», демек, «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес емес уәкілетті орган жүзеге асыра алмайды» деген түсінік туады. Ал нормалық тұрғыдан қарасақ, «... уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады» деп жазылуы керек.»


Қарапайым ғана мысал. Сырт қарағанда болмашы ғана көрінетін сәйкессіздік. Ал қос палаталы Парламент құрылғалы бері қабылданған


 


мыңдаған заңдардың бастапқы құжаттарында осындай, мұнан да зор сәйкессіздіктердің қаншамасы болды! Оны жиырма жылдан бері заң мәтінімен жұмыс істеп келе жатқан Есаға жыр ғып айтып бере алар еді. Бірақ ол үшін басты мұрат қателіктерді жөндегенін айту емес, сол қателіктерден арылып, ел азаматтарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау ісіне жолдама алатын заңдардың ана тіліміздегі мәтінінің нормаға сай, ұғынықты, өміршең болуы екенін біз білеміз.


Республикамыздың ең жоғары өкілді органына референт болып келіп, бөлім меңгерушісінің орынбасарлығына дейін өскен Е.Сафуани қашанда өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарап, аударма жұмысының ауыр жағын атқарып келді. Есаға қабылданатын заңдардың заңдық нормаларға сәйкес болуымен қатар, тілдік, термин жасау нормаларының талабы сақталуын жіті қадағалайтынын айта кету орынды. Көпшіліктің бұл туралы әртүрлі пікірі болғанымен, Е.Сафуани: «сәтті баламасы табылған сөздерді ғана аударып, халықаралық терминдерге қазақы ша- пан жауып, оларды да өзіміздің төл сөзімізге айналдыруымыз керек» де- ген пікірді ұстанып, қал-қадерінше оны дәлелдеп те жүр.


Иә, заң тілі, қалыптасуының алғашқы сатылары аударма арқылы дамып келе жатқан тіл – көркем әдебиет, баспасөз жанрлары тілінен мүлде өзгеше, түсіну үшін арнайы дайындықты қажет ететіні рас. Оның өзінің қалыптасу, даму заңдылықтары бар. Осы ретте аударма саласының нар түйеге жүк болар ауыр міндетін абыроймен көтеріп келе жатқан Есенқұл Сафуанидың еңбегі ерекше және ол қандай мадақтауға болсын лайық. Мұны айту – одан өнеге алып, үйреніп, өкшесін басып келе жатқан біздерге парыз.


2008 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу